Бөлім басшысы тағылымды дәріс өткізді (ФОТО)

28 қаңтар 2021 2825 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Ислам – мәдениет пен ізгілік бастауы» атты имамдардың IV республикалық онлайн-форумында «Зияткер имам» құжаты қабылданған болатын.

Осыған орай ҚМДБ жанынан Әдеп кеңесі құрылып, Бас мүфтидің тапсырмасымен осы құжатты насихаттау жұмысы қолға алынды. Аталған құжатты таныстыру мақсатында Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінде «Мешіт имамдарының қызметтік әдебі» атты өңірлік семинар өтті.

Басқосуға ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі, Әдеп кеңесінің хатшысы Смайыл Сейтбеков арнайы қатысып, Өскемен аймағы имамдарына қызметтік әдеп хақында тағылымды дәріс өткізді.

«Асыл дініміздің рухани құндылықтарын қоғамда насихаттау –  имамдарымыздың басты міндеті. Дін қызметкерлері әділіктің, адалдықтың, парасаттылықтың үлгісі болуы тиіс. Осы бағытта Діни басқарма қабылдаған құжаттарды насихаттау күн тәртібіндегі басты шара болып отыр» деді Смайыл Сейтбеков. Сондай-ақ ол өңір имамдарына қоғамдағы имамның рухани тұлғасына қойылатын талаптарды жеке-жеке талдап түсіндіріп, имамдардың сауалдарына жауап берді.

Семинарда Өскемен аймағының бас имамы Ермек Мұқатай бұл бағыттағы жұмыстар Бас мүфтидің арнайы тапсырмасы аясында үздіксіз атқарыла беретінін атап өтті. «Қазіргі таңда имамдар мен дін қызметкерлерінің рухани тұлғасын заманға сай бейімдеп, қоғам талабына сай зияткер тұлға деңгейіне жеткізу үшін бірқатар құжаттар қабылдады. Бүгінгі жиынды да осы бағытта өткізіп отырмыз» деп атап өтті Ермек Мұқатай.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру