ДІНИ БАСҚАРМА АҚТАУДА АУЫЗАШАР БЕРДІ

04 наурыз 2026 60 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Ақтау қаласында «Рамазан – ізгілік айы» атауымен рухани ауызашар кеші өтті.

Игі шараға Маңғыстау облысының әкімінің орынбасары, өңірдің зиялы қауым өкілдері мен Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, дін қызметкерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты.

Кеш қонақтары алдымен діни басқарманың «Дін мен дәуір» фотокөрмесін тамашалап, ислам құндылықтарының тарихи сабақтастығымен танысты. Ауызашар рәсімі қасиетті Құран аяттарын оқумен басталып. Қазақы дәстүрмен жарапазан жыры айтылды.

Жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы сөз сөйлеп, ел амандығы мен тыныштығын тілеп, жамағатқа ауызашар батасын берді.

«Ораза – құлшылықтың ең ұлысы. Көптеген хадистерді жеткізген сахаба Әбу Үмәма бұл жөнінде: «Пайғамбарымыздан жақсы бір амал сұрадым. Ол маған: «Ораза ұста, өйткені, оған тең келер құлшылық жоқ» деді. Мен тағы екі-үш қайталап сұрасам да: «Ораза ұста, оған тең келер құлшылық жоқ», — деген жауабынан танбады», — дейді.  

Алла Тағала Құдси-хадисте: «Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін доғарды. Ораза – Мен және құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеу себебінен шыққан ауыз иісі Мен үшін миск әтірінен де қайырлы», – деп сүйінші хабар жеткізген»,- деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сонымен қатар Рамазан айының рухани мазмұны мен тағылымы туралы бейнеролик ұсынылды. Кеш барысында ұлттық өнер дәріптеліп, күй мен терме орындалып, жыр-шумақтар оқылды.























Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру