ДІНИ ЗАТТАР САТАТЫН ДҮҢГІРШЕКТЕРГЕ ТЕКСЕРІС ЖҮРГІЗІЛДІ (ФОТО)
Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіповтің тапсырмасымен елорда мешіттеріндегі діни заттар сататын дүңгіршектерге тексеріс жұмыстары жүргізілді.
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Олжас Бақытұлы сатылатын тауарлардың сапасын бақылау, шариғат талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету және жамағатқа ұсынылатын өнімдердің заңдылығын қадағалау мақсатында мешіттер жанындағы дүкендерді тексерістен өткізді.
Тексеріс барысында дүңгіршектерде сатылатын Құран кітаптары, дұға жинақтары, намазға арналған жабдықтар мен басқа да діни өнімдер қаралды. Тауарлардың мазмұны, сапасы және заңды құжаттарының болуы мұқият тексерілді. Сонымен қатар, шариғатқа қайшы келетін немесе күмәнді мазмұндағы заттардың сатылуына жол бермеу мәселесіне ерекше назар аударылды.
Тексеріс нәтижесінде кейбір дүңгіршектерге сапа стандарттарын жақсарту және өнім түрлерін жаңарту бойынша ұсыныстар берілді. Сондай-ақ, мешіттерде сауда жасау ережелері мен талаптарын сақтау қажеттілігі ескертілді.
Айта кетсек, Астана қаласының мешіттерінде 12 діни дүкен жұмыс істеп келеді.
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі