Ел тарихындағы елеулі оқиғалар

08 қаңтар 2020 5449 0
Оқу режимі

Ұлтымыздың ұлы жолы, талайлы тағдыры, бай тарихы, бабалар өмірі, елдігіміз үшін әзіз жанын пида еткен ірі тұлғаларымыздың өнегелі ғұмыры бүгінгі тәуелсіз Қазақ елінің баға жетпес құндылығы. Осынау құндылықтарымызды түгендеу, бабалар жолын жаңғыртып, оларға тағзым ету, құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың басты парызы, сондай-ақ ертеңге үлгі ретінде ұсынар ізгі амалы.

Міне, табалдырығымызды аттаған 2020 жылда да тәуелсіздік жолындағы тарихи оқиғаларға, соның ішінде, әсіресе Қазақ мемлекеттілігінің бастауы саналатын Алтын Орданың 750 жылдығы және басқа да маңызды жайттарға көңіл аудару кеңінен жалғасын тауып, ұлтымыздың ұпайын түгелдер шаралар жүзеге асырылады деп үміттенеміз...

1. Тоныкөк ескерткішіне – 1300 жыл

Қазақтың ғана емес, әлем мәдениетінің тасқа таңбаланған аса маңызды құндылықтарының бірі – Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығы UNESCO көлемінде аталып өтеді. Төрткүл дүниеге тарыдай шашылған тұтас түркі халықтарының абызы, Екінші Шығыс Түркі қағанатының іргетасын қалаушылардың бірі, өз заманының озық ойлы данагөйі, Елтеріс және Білге қағандарға кеңесші болған Тоныкөк бабамыздың тұлғасы және оның тасқа қашалған жазбасы – маңдайға тұтар маңызды тарихи мұрамыз.

Орхон және Енесей өзендері алқабынан табылған қағандар құлпытасына қашалып жазылған көне түркі жазуларының құпиясын даниялық ғалым Вильгельм Томсен 1893 жылы ашса, түркітанушы орыс ғалымы Василий Радлов руна жазуларын оқып, аударған еді. Содан бері өткен ғасырдан астам уақыт бойы бұл жазулар әлем ғалымдарының «ашылмаған аралдай» болып, аңсарын аударып, қызығушылығын тудырып келеді. 2020 жылдың Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығына арналуы – тарихи жәдігерді тани түсуге, таңба сырына, жазу ерекшелігіне жаңа көзқараспен қайта қарауға мүмкіндік берер, жәдігер құпиясына жарық түсірер жаңа бастамаларға жол ашады деп ойлаймыз.

 2. Әл-Фарабидің туғанына – 1150 жыл

Түркі дүниесі ақыл-ойының шамшырағы болған, діни таным мен философияның, аристотелизм мен платонизмнің телағысына таразы болып, әлемнің Екінші ұстазы («мұғалім сәни») атанған Әбу-Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық (870-2020) мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы Президент Қ.Тоқаевтың қаулысы қараша айында жарияланып, дайындық жұмыстары басталған. Шығыс әлемінің ғұлама ойшылының философиялық трактаттары әлем философиясының зор табысы саналып, алтын бастаулардың бірі ретінде қарастырылады. Мерейтойды өткеру барысында әл-Фараби бабамызға  қатысты шешімі табылмай келе жатқан сан алуан сауалдарға жауап ізделіп, фарабитанудың жаңа дәуірінің есігі ашылар болса – құба-құп.

 3. Абайдың туғанына – 175 жыл

Қазақтың Бас ақыны, қазақ көркем ойы мен өлеңінің реформаторы, жаңа замандағы жазба әдебиеттің жолашушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай ел көлемінде елеулі мәдени шаралар басталып та кетті. Мерейтойды жоғары деңгейде мерекелеу туралы Жарлық шығып, жалпыреспубликалық жоспары да бекітілді. Ұлттық идеологиямызға ұстын болып отырған Абай ғақылиясы – жаңа заман ұрпақтарына да жол ашар жарық жұлдыз іспетті. Хакімнің 175 жылдық мерейтойы өтпелі шаралармен емес, өнегелі, өміршең жобалармен есте қалары анық.

4. Маңғыстау көтерілісіне – 150 жыл

Ұлы даламызда отаршылыққа қарсы сабақтаса жалғасқан, бүгінгі тәуелсіздігіміздің қалыптастыру идеясының бастаулары болып саналатын 300-ден астам азаттық үшін ірілі-ұсақты көтеріліс болған. Осы орайда, аталған көтерілістердің ішінде 1870 жылы патшалық Ресей өкіметінің отарлау саясатына қарсы Маңғыстау өңірінде болған көтерілісті атап көрсету маңызды...

Патшалық Ресейдің отарлау саясатына  қарсы көтеріліс бүкіл түбекті қамтыған. Оған атсалысқандар саны 10 мың салт атты адамға жеткен деген деректер бар. 1870 жылғы мамырдың аяғында Маңғыстауға Кавказдан Апшерон полкінің бір батальоны, екі атқыштар ротасы, шептік батальонның екі ротасы, Дағыстан полкінің төрт ротасы және Терек казак-орыстарының төрт зеңбірекпен қаруланған 2 жүздігі келіп, аяусыз жанышталды.

 5. Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының құрылғанына – 100 жыл

Алашорда өкіметі таратылғанымен, ұлттық мемлекет туралы сенім шоғы сөнген жоқ. Сол жылы яғни 1920 жылғы 26 тамызда Кеңес өкіметі РКФСР құрамында «Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы» декрет шығарды.

1920 жылдың 4 қазанында Орынбор қаласында Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы кеңестерінің съезі болды. Съезде РКФСР құрамындағы ҚазАКСР жарияланды. Осылайша қазақ халқының ұлттық мемлекет ретіндегі шаңырағы қайта көтерілді.

Съезд жоғарғы өкімет органдарын – республиканың Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесін сайлады. Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болып С. Меңдешев, ҚАКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болып В. Радус-Зенькович сайланды. Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының құрылуы ел тарихындағы негізгі оқиғалардың бірі болып табылады.

6. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 75 жыл

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіске 75 жыл толып отыр. Соғыс жылдары кеңес әскері қатарына 1 миллион 400 мың қазақстандық шақырылды. Оның 601 мыңы туған жерге оралған жоқ. Олар майданда ерлікпен шайқасты. 100 000-нан астам отандасымыз жауынгерлік ерліктері үшін медаль, ордендермен марапатталды. Шамамен 500 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атанды. Биыл Қазақстаннан шыққан Кеңес Одағы батырларының арасындағы бірқатар тұлғалардың 100 жылдық мерейтойлары Жеңістің 75 жылдығымен қатар келіп отыр. Олар: Леонид Беда (Екі мәрте Кеңес Одағының батыры), Ағаділ Сухамбаев, Әбу Досмұхамбетов, Жәлел Қизатұлы, Қожабай Жазықов, Нағи Ілиясов, Сұлтан Баймағамбетов, Төлеген Тоқтаров. Сондай-ақ майдан шебінде ерлікпен шайқасқан, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде тоталитарлық жүйеге қарсы шыққан ақын Жұбан Молдағалиевтің де туғанына 100 жыл толып отыр.

7. Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына – 30 жыл

Қазақ халқының ғасырлар бойы азаттық көтерілістерінің ақыры елдің осыдан отыз жыл бұрын егемендікке қол жеткізуіне ұласты. Бабалар армандаған тәуелсіздікке бүгінгі ұрпағы куә болды. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылы лебін сездірген, тәуелсіздік туралы Конституциялық заңның қабылдануына негіз болған тарихи құжат – Егемендік туралы декларация. 1990 жылы 25 қазанда бекітілген бұл Декларация бойынша Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланды. Содан бір жыл өте Қазақстан егемен, дербес мемлекет ретінде тарих сахнасына көтерілді. Қазақ тарихында ерекше сәт!

 8. Қазақстан Республикасының Конституциясына – 25 жыл

Егемен еліміздің бүгіні мен ертеңіне халықтың сенімін нығайтып, мақсат-мұратымызды ай­қындаушы – Ата Заңымыз. 1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданған ел Конституциясы қазақстан­дық­тардың құқықтың мәртебесін, саяси-экономикалық құрылыстың негіздерін белгілейді. Бүгінде Қазақ елі осы құжаттың негізінде өркендеп, дамып келеді.

 9. Қазақстан халқы Ассамблеясына – 25 жыл

Қазақстан халқы Ассамблеясы – 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен құрылған консуль­тативті-кеңесші орган. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңа­дан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликон­фессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді. Аталған бастама мәдениетаралық үнқатысуды нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды.

Пікірлер Кіру