Елбасы коронавирус індетінен қайтыс болғандардың туыстарына көңіл айтты

13 шілде 2020 1157 0
Оқу режимі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев коронавирус індетінен қайтыс болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Бұл туралы Елбасының Баспасөз қызметі хабарлады.

Құрметті қазақстандықтар!

Бүгінде Қазақстан бұрын-соңды болмаған күрделі ахуалмен бетпе-бет келіп отыр. Қауіпті індет біздің қалаларымыз бен ауылдарымызға тарап, өкінішке қарай, адам шығыны орын алып жатыр.

Мемлекет басшысының шешімімен 13 шілде коронавирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу ­– Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Алапат дерт біздің адамдарымыздың өмірін қиып әкетуде. Бұл бәріміздің қабырғамызды қайыстырып отыр. Әрбір кісі өлімінің артында қара жамылған біраз адамның ­– әкелер мен аналардың, қыздарымыз бен ұлдарымыздың, дос-жарандарымыздың қайғы-қасіреті тұр.

Мезгілсіз қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.

Біз береке-бірлік пен тұтастықтың арқасында талай сынақтан сүрінбей өттік. Бұл қиындықты да ел болып еңсереміз деп сенемін.

Дереккөз: elbasy.kz

Пікірлер Кіру