Елорда имамдары IV Республикалық форум құжаттарымен танысты (ФОТО+ВИДЕО)

15 желтоқсан 2020 3467 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ Нұр-Cұлтан өкілдігінің қызметкерлерінің қатысуымен «Әзірет Сұлтан» мешітінде «IV Республикалық имамдар форумы құжаттарын талқылау» атты алқалы жиын болып өтті. Жақында ғана өткен Имамдар форумында қабылданған «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті» және «Зияткер имам» құжаттары бүгін өклдік қызметкерлеріне кеңінен таныстырылып, осы бағыт бойынша атқарылатын жұмыс жоспары бекітілді.

Қасиетті Құран аяттарымен ашылған жиын барысында Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов аталмыш құжаттардың маңыздылығына атап өтіп, діни рәсімдерді осы құжаттарға сай атқару турасындағы жоспарымен бөлісті. Сондай-ақ, Ерболат Нұрылдаұлы Нұр-Сұлтан өкілдігі бойынша 2020 жылы атқарылған іс-шаралар есебіне тоқталып, жеткен жетістіктер мен кеткен кемшіліктер жайында да айтып өтті. Сөз соңында барша өкілдік қызметкерлерін бір үйдің баласындай жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

Айта кетейік, еліміздегі діни рәсімдерді бірізділікке түсіріп, имам тұлғасын дамытуға арналған үш құжат бойынша кеше «Әзірет Сұлтан» мешітінде арнайы отырыс өткен болатын. Бас мешіт ұжымынан бастау алған отырыс бүгін алқалы жиынға ұласып, Елорда имамдары аталмыш құжаттар жөнінде толыққанды мағлұмат алды. «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамдары Жұманазар Өсерханұлы мен Қанат Қыдырмин, ұстаз Мақсатбек Қайырғалиевтер үш құжат бойынша арнайы баяндама жасап өтті. Жиынның екінші бөлімінде өкілдік қызметкерлеріне жыл қорытындысы бойынша марапаттау рәсімі жүргізіліп, наиб имамдар мен ұстаздарға «Алғыс хат» табысталды.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру