ЕЛОРДА ИМАМДАРЫНА ДІНИ ОҢАЛТУ ЖҰМЫСТАРЫН КҮШЕЙТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ (ФОТО)

25 тамыз 2025 981 0
Оқу режимі

Астана қаласының Бас имамы Ерболат Жүсіповтің жетекшілігімен елорда имамдарына теріс ағымдардың алдын алу ісіне қатысты семинар өтті.

Жиынға ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің басшысы м.а. Данияр Кенжалин, «Әзірет Сұлтан» мешітінің және Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов, сондай-ақ елордадағы діни оңалту жұмыстарына жауапты имамдар қатысты.

Семинар барысында жат ағым өкілдерімен жұмыс істеу тәжірибелері сараланып, діни оңалтудың әдіс-тәсілдері талқыланды. Қатысушыларға радикалды көзқарастағы азаматтарды қоғамға бейімдеу жолдары, имамдардың ұстануы тиіс этикалық қағидалары жан-жақты түсіндірілді.

Басқосу барысында шариғи білімді жетілдірумен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамасын меңгерудің де маңызы ерекше екені айтылды. Себебі діни оңалту ісінде тек діни дәлелдермен ғана емес, құқықтық тұрғыда да сауатты қадам жасау маңызды.

Қала бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы мен Данияр Кенжалин жат ағым идеологиясының қауіпті тұстарын, оның отбасы құндылықтарына, жастардың дүниетанымына, ұлттық бірлік пен тұрақтылыққа тигізер залалын тілге тиек етті. Осыған сәйкес қазіргі уақытта имамдардың жауапкершілігі артып отырғаны жасырын емес.

Семинардың түпкі мақсаты – діни оңалту қызметін күшейту, жат ағымның алдын алу шараларын жүйелі жолға қою және ел ішіндегі діни тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлес қосу.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру