Елорда мешіттері төрт жарым мың отбасыға ет таратты (ФОТО)
Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай Елорда мешіттері арасында ұйымдастырылған «Раббың үшін құрбан шал!» қайырымдылық акциясы аясында айт күндері Нұр-Сұлтан қаласындағы 4420 отбасыға ет таратылып, көмек көрсетілді. Айт намазы оқылып болысымен «Алтын таға» мал базарында құрбандық шалу рәсімі басталып, құрбандық еттерін тарату жұмыстарына жалғасқан болатын.
ҚМДБ Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігіне қарасты 11 мешітті түгел қамтыған «Раббың үшін құрбан шал!» акциясы аясында 60 ірі қара құрбандық шалынды. Бұдан бөлек, қала тұрғындарының мешіттерге әкеліп өткізген құрбандық еттерінен есебінен жалпы есебі 28 тонна ет жиналып, 4420 отбасыға үлестірілді. Қасиетті Құран Кәрімнің «Хаж» сүресінің 28-аятында «Одан өздерің де жеңдер және мұқтаж, пақырларға да жегізіңдер» деп айтылғандай, айт күндері еліміз бойынша қаншама мұқтаж отбасының қазаны бұрқылдап, қайырымдылық шуағына бөлене түседі. Қасиетті мерекенің шынайы шарапаты, қайырымдылық қасиеті осы болса керек!
Қайырымдылық шарасы аясында құрбандық еттері Елордамыздағы тұрмысы төмен, көпбалалы, асыраушысынан айырылған отбасыларға, арнайы тіркеуде тұрған мүгедек жандарға, т.б. түрлі әлеуметтік топ өкілдеріне таратылды.
Сондай-ақ, мереке күндері өкілдік тапсырмасы негізінде құлшылық ордаларында тұрлі мәдени ісшаралар ұйымдастырылды. Айт мерекесінің екінші, үшінші күндері «Балалар үйі» мен «Қарттар үйін» арнайы зиярат етіп, мешіт қызметкерлері мерекемен құттықтап қайтты. Сапар барысында қарттар мен балаларға түрлі сыйлықтар тарту етіліп, мерекелік дастархан жайылды.
Құрбан айт мерекесінде қайырымдылық шарасына құлшылық ордаларының үлесі:
«Әзірет Сұлтан» мешіті - 1540
«Нұр Астана» мешіті - 1030
«Ғылмани» мешіті - 830
«Ырыскелді қажы» мешіті - 160
«Ақ мешіт» - 150
«Əлжан ана» мешіті - 70
«Әс Салам» мешіті - 110
«Төлебай» мешіті - 195
«Райса ана» мешіті - 195
«Әл Ғани» - 90
«Шейх Кунта қажы» мешіті - 160
Дереккөз: muslim.kz