Елорда қажылары қасиетті сапарға аттанды (ФОТО+ВИДЕО)
Кеше еліміздің Бас шаһарынан қасиетті қажылық сапарына аттанған азаматтарды арнайы шығарып салу рәсімі өтті. Ұлық сапар алдындағы арнайы шараға ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, қажылық парызын орындауға ниет еткен отандастарымызға ақжол тіледі.
Қасиетті Құран аяттары оқылып, ақ батамен басталған шара аясында наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қажылық ғибадатының қыр-сырына тоқталып, жамағат үшін жанға азық боларлық рухани уағыз айтып, қажетті ақпараттармен бөлісті.
Шығарып салу рәсіміне арнайы қатысқан Сауд Арабиясы королдігінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісінің міндетін атқарушы Абдулкадер Низар Алали мырза да қазақстандық қажыларға ізгі тілегін білдіріп, ақжол тіледі. Қажылық сапарларының қабыл болуын тілеп, ақыл-кеңесімен бөлісті. Шара барысында қажылық сапарының сәтті болуына барлық жағдай жасап, жайлылық орнатқан Діни басқарма жұмысына жамағат атынан алғыс білдіріп, қажы ақсақалдар ізгі тілектерін жеткізді.
Осы орайда қасиетті сапар алдындағы қажыларымызға Нұрсұлтан Назарбаев атындағы Халықаралық әуежай әкімшілігі де айрықша көңіл бөліп, қосымша екі тіркеу орнын қосып берді. Әуежай қызметкерлері қажыларға ықыласпен қызмет көрсетіп, қасиетті мекенге қуанышты аттануларына атсалысты.
Айта кетейік, биылғы жылы қазақстандық қажылар Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау және Шымкент қалаларынан тікелей рейс бойынша аттанды. Алла қаласа, жерлестеріміз қажылық парызын орындап болып, туған жерге тамыз айының 23-жұлдызына дейін толығымен оралатын болмақ.
Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!
Дереккөз: Muslim.kz