Елорда қажыларына арналған дайындық дәрістері басталды (ФОТО)

15 шілде 2019 6066 0
Оқу режимі

Бүгін республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде Нұр-Сұлтан қаласының қажыларына арналған дайындық дәрістері басталды. Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан дәрістің негізгі мақсаты – бес парыздың бірін өтеуге ниет еткен елордалық жамағатқа қажылық ғибадатының қыр-сырын үйретіп, қасиетті мекендегі сапарларының сауапқа толы өтуіне септігін тигізу.

Осы орайда ұйымдастырылған дайындық дәрістерінің алғашқы сабағын өткізген «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев бүгін жамағатқа жалпы қажылық ғибадаты мен оның шарттары жөнінде, қажылық парыздары турасында түсініктеме беріп, қажетті ақпараттарға қанықтырды. Арнайы бекітілген кесте бойынша болашақ қажыларға бүгін бірден екінші дәріс өткізіліп, «Әлжан» мешітінің бас имамы Серікбай Әділхан «Тәлбия, Миқаттар, Ихрам» ұғымдарын кеңінен түсіндіріп өтті. Дәріс барысында қатысушыларға арнайы видео сабақтар ұсынылып, көрнекілік құралдармен әсерлене түсті. Қос сабақтың да соңы жамағаттың сұрақтарымен жалғасып, қажылық ғибадатының қыр-сыры егжей-тегжейлі баяндалды.

Айта кетейік, қажылық сапарына дайындық дәрістері 18-шілдеге дейін жалғасатын болмақ. Дәрістер тақырыбын мына сілтемеден көруге болады.

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру