ЕЛОРДАДА ІІІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «QAIYRYMDYLYQ JARSHYLARY» ЕРІКТІЛЕР ФОРУМЫ ӨТТІ (ФОТО)

25 қыркүйек 2024 179 0
Оқу режимі

Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен «QAIYRYMDYLYQ JARSHYLARY» ІІІ республикалық еріктілер форумы өтті.

Форум жұмысына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған мүфтият ұжымы мен дін қызметкерлері, БАҚ өкілдері, сондай-ақ «Зекет және қайырымдылық» қорының өңірлердегі өкілдері мен еріктілер қатысты.

Жиында алғысөз сөйлеген Бас мүфти: «Халқымызда ағайынның ауыртпалығын еңсеруге бел шешіп кірісіп кету, мұқтаж жандарға қол ұшын созу, өмір сүріп отырған ортаңа, қоғамға пайдаңды тигізу – қанымызға сіңген игі қасиеттің бірі. Халқымыз «Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без» дейді. Расында қайырымдылық жасау әр адамның қолынан келе бермейтін іс. Жомарт болу – өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу.  

Президентіміз қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, «Шын мәнінде жаны таза адам ғана волонтер бола алады. Еріктілер – өзгенің мәселесін өз ісіндей көретін жүрегі кең, ниеті дұрыс жандар. Біздің еліміз дәл осындай азаматтардан кенде емес». Аллаға шүкір, біздің арамызда да қайырымдылық, адамгершілік қасиеттерді ту еткен, өзгелерге жанашырлық пейілдерін танытып жүрген жандар аз емес. Бұл бізді қуантады. Біз сіздерді әрқашан мақтан тұтамыз.    

Қара шаңырағымыз – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қоғамдық игі істерден шет қалмай, менің тапсырмам бойынша 2022 жылы «Зекет және қайырымдылық» қоры жанынан «Қайырымдылық жаршылары» тобы құрылған еді. Содан бері еріктілеріміз еліміздің әр өңірінде қайырымдылық шараларына белсенді түрде атсалысып келеді. Алла разы болсын! Ел басына күн туған қиын-қыстау сәттерде ортақ іске жұмылған сіздерге тағы да өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан айрықша алғысымды білдіремін» деді.

Сондай-ақ форумда ҚМДБ Төрағасы биыл көктемдегі су тасқыны кезінде тұрғындарға жәрдемші болған «QAIYRYMDYLYQ JARSHYLARY» еріктілерін, зекет өкілдерін алғыс хатпен марапаттады. 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру