ЕЛОРДАДА ҚҰРАН ҰСТАЗДАРЫНА БІР КҮНДІК СЕМИНАР ӨТТІ (ФОТО)

10 қазан 2025 714 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Әзірет Сұлтан» мешітінде Құран ұстаздарына бір күндік оқу семинары өтті.

Семинардың мақсаты – қала мешіттерінде қызмет атқарып жүрген Құран ұстаздарының тәжірибесін арттыру, оқу-әдістемелік бағыттағы біліктілігін жетілдіру және бірізді оқу бағдарламасын қалыптастыру.

Бағдарлама аясында «Әзірет Сұлтан» мешітінің қос наиб имамы Абдулахад Сманов пен Махмұд Қасым тарапынан ұстаздарға Құран ілімін оқытудағы тиімді тәсілдер, тәжуид ережелерін түсіндірудің әдістері, балалармен және ересектермен жұмыс істеу ерекшеліктері жөнінде тәжірибелік сабақтар өткізілді. Сонымен қатар қатысушылар арасында пікір алмасу өтіп, ұстаздар өз тәжірибелерімен бөлісті.

Семинар барысында қатысушыларға арнайы дайындалған «Құран жаттаудың 10 жеңіл әдісі» атты ақпараттық парақшалар таратылды. Онда Құранды тиімді есте сақтаудың тәжірибелік тәсілдері, күнделікті уақытты дұрыс жоспарлау, мотивацияны сақтау және жаттау барысында тұрақтылықты арттыру жолдары қамтылған. Бұл материал ұстаздар мен шәкірттерге жаттау үдерісін жеңілдетуге бағытталған пайдалы нұсқаулық ретінде ұсынылды.

Құран – мұсылманның өмірлік бағыт-бағдары мен рухани тірегі. Ол адам баласын ізгілікке, әділдікке және Алланы тануға жетелейді. Құранды оқу – тек сауап қана емес, жүрекке тыныштық сыйлайтын, мінез-құлықты түзей алатын ұлы амал. Мұсылман адам өмірінің барлық саласында, отбасынан бастап қоғамға дейінгі қарым-қатынастарында Құран салиқалы өмір сүруге орасан зор үлесін тигізеді.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру