Елордада V Республикалық азаншылар жарысына іріктеу өтті (ФОТО)

25 сәуір 2022 2792 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ Нұр-Сұлтан өкілдігі бойынша «Әдемі әуезді азаншы» V республикалық азаншылар жарысына іріктеу сайысы өтті. «Ырыскелді қажы» мешітінде өткен іріктеу кезеңіне қала мешіттерінің қызметкерлері қатысып, өзара шын мықтыны анықтады.

Айтулы шараға қала бас имамы Ерболат Жүсіпов арнайы қатысып, бүгінгі сайыстың маңыздылығына тоқталды. Ислам әлеміндегі азанның орны жайында насихат айтып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. V Республикалық азаншылар сайысында Елорда намысын қорғайтын үміткерлер арасынан жүйрігін анықтауға қатысып, жүлдегерлерге марапат сыйлықтарын табыстады.

Айта кетейік, өкілдік бойынша өткізілген азаншылар сайысына «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Яхия қажы Абдоллаұлы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Әділхан Иманәліұлы, «Әл-Фараби» мешітінің ұстазы Нұриддин Кулер қазылық жасап, қатысушылардың қабілеттерін тексерді.

Сайыс қорытындысы бойынша Әдемі әуезді азаншы» V республикалық азаншылар сайысының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша іріктеу жарысының бас жүлдесі «Әзірет Сұлтан» мешітінің азаншысы Шаудырбай Ерболатқа бұйырды. Жүлделі ІІ орынға «Әл-Ғани» мешітінің азаншысы Абдулбасит Хадыршаев лайық деп танылса, «Әл-Фараби» мешітінің азаншысы Аманжолов Алтынбек ІІІ орын иеленді. Жүлдегерлер мен қатысушылардың барлығына қаржылай сыйлықтар берілді.

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру