ЕҢБЕК КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

24 қыркүйек 2023 2522 0
Оқу режимі

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла Тағаланың атымен бастаймын!

Еліміз бойынша ерекше құрметпен аталып өтілетін 24 қыркүйек – Еңбек күнімен барша отандастарымызды шын жүректен құттықтаймын!

Ежелден «еңбектің наны тәтті» деп, ұрпағын жатыпішер жалқаулықтан, «ертеңі» бітпейтін еріншектіктен, арамтамақтық пен масылдықтан тыйып тәрбиелеген халқымыз үшін бүгінгі күннің тағылымы мол екені сөзсіз. Тіпті, «ер дәулеті – еңбек» деп, байлықты басқадан емес, адал еңбектен іздеу керектігін үйреткен халқымыз үшін Еңбек күні – ерекше мейрам, ұлттық санадағы саф асылдардың жаңғыратын күні. Өйткені, еңбек тақырыбы – барша адамзат баласын алға жетелеген, даму мен өркендеудің өзегі болған сала.

Қасиетті кітабымыз Құранның көптеген аяттарында мұсылмандарды еңбек етуге міндеттейді. Алланың бізге берген ризық-несібесіне еңбек етіп жетуді міндеттеуінің хикметі де – ғибадат болуында. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде бұл жайында: «Амалдардың ең абзалы – адал кәсіп», – деп айтқан. Сынақ ғұмырда маңдай терін төгіп, тіршіліктің қамын жасап, отбасын бағу да  – құлшылық. «Еңбегімен ер сыйлы» демекші, мұсылман үшін өзін және отбасын асырау, адал еңбекпен нан табуы – ғибадаттың бір түрі.

Ата-бабамыз кең байтақ жерді біздерге мұра етіп қалдырды. Алла Тағала маңдайымызға асты мен үсті байлыққа толы атамекен жазған екен. Жаратқанның бізге бөліп берген бұл игілігін тиімді пайдалану үшін қажетті мамандықтарды игеріп, еңбек ету керек. Ендігі кезек – еліміздің әрбір азаматының қолында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бүгінгі құттықтауында «өз ісінің майталмандары қашанда қоғамның назарында болуға тиіс» деп, шынайы еңбек адамдарына үлкен үмітін білдірді.

Осы орайда «Сен де бір кірпіш, дүниеге кетігін тап та, бар, қалан!» деген Абай атамыздың өсиетіне сай, Отанымыздың титтей болса да бір тетігін бүтіндеуге адал еңбегімізбен атсалысуымыз қажет!

 

Ерболат Жүсіпов
Астана қаласының және
«Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру