IV Республикалық имамдар форумының үндеуі қабылданды (ФОТО)

10 желтоқсан 2020 3508 0
Оқу режимі

Елордада өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына арналған «Ислам – мәдениет пен ізгіліктің бастауы» атты имамдардың IV республикалық онлайн-форумы қорытындысы бойынша арнайы үндеу қабылданды. Үндеуді ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мажиев таныстырды.

«Біз, дін қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, «Ислам – мәдениет пен ізгіліктің бастауы» атты имамдардың ІV республикалық онлайн-форумының қатысушылары барша қауымды «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті» құжаттарында көрсетілген талап-өтініштерді орындауда ыждаһаттылық танытуға үндейміз. Аталған құжаттар еліміздегі құдайы ас беру мәдениетін қалыптастыруды, ысырапқа жол бермеуді, зиратты зиярат ету рәсімі кезінде дін талаптарын ескеруді көздейді.

Осы ретте отандастарымызға садақа, құдайы ас өткізу кезінде артық ысырапқа жол берілмесе деген ұсыныс-тілек білдіреміз. Сонымен қатар зират басына зәулім ескерткіштер, сәнді қоршаулар, мүсін кеуделер тұрғызбауға үндейміз. Қымбат құлпытастар мен үлкен ескерткіштерге кететін қаражатты жетім-жесірге көмектесу, ағайын-туысқа қарайласу, білім ордаларын тұрғызу, пайдалы кітаптар мен оқулықтар шығару, жол, көпір салу сынды сауабы мол істерге жұмсауға шақырамыз. Шариғат заңдары міндетті түрде құдайы ас өткізуді, зираттарды сәндеуді, зәулім ескерткіштер орнатуды талап етпейтінін жеткіземіз» делінген үндеу мәтінінде.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру