KFC біздің сертификатты алмаса да, тексеріс жүргіземіз – ҚМДБ

18 қаңтар 2019 9601 0
Оқу режимі

Осыдан тура бір ай бұрын ҚМДБ-ның әйгілі «KFC» өнімдерінен «Халал» сертификатын қайтарып, қоғамда резонанс туғаны баршаға мәлім. Ең қызығы, көпшілік сүйіп жейтін ыстық тауықтарда «Қазақстанның Халал индустрия Ассоциациясының» сертификаты да бар болып шықты. Тұтынып отырған ас-суына аса мән беретін кей жанның бұдан кейін екі ойлы болып қалғаны бесенеден белгілі. Осы мәселе төңірегінде және «халал» сертификатына қатысты ҚМДБ жанынан құрылған «Халал Даму» ЖШС директорының орынбасары Әнуар Елжановты сөзге тартқан едік.

– Әнуар мырза, не үшін KFC мейрамханалар желісінен «халал» сертификатын қайтарып алдыңыздар?

– Себебі кез-келген кәсіпорынмен келісімшарт жасаған кезде біздің талаптарымыз бірінші орында тұруы тиіс. Яғни, олар қай өнімді пайдаланады, біз соның бәрін жіті бақылауда ұстаймыз.

Біз «KFC» мекемесімен екі жыл бойы серіктес ретінде жұмыс атқардық. Әр ай сайын облыс бойынша жауапты өкіл өз аумағына қарасты «KFC» мекемелерінде тексеріс жұмыстарын жүргізіп, бақылау есебін жіберіп отырды. Айлық тексеріс нәтижелері «Халал Дамудың» сайтына, әлеуметтік желілеріне жарияланып, ашық түрде халық назарына ұсынылады. Осындай тексеріс кезінде әр облыстағы жауапты өкілдеріміз «КFС» ресторандар желісінің сертификаттаудан өтпеген, біздің стандарт талаптарымызға сай келмейтін құс өнімдерін пайдаланып жатқандығын анықтады.

Келісімшарттың 7.1 тармағында: «Осы келісімшарт бойынша тараптар арасында туындаған барлық даулар мен келіспеушіліктер, тараптардың келісімі бойынша келіссөздер арқылы шешіледі»,-деп көрсетілген. Осы тармақ бойынша бірнеше ай бойы  «КFС» басшылығымен жүргізілген келіссөздер өз нәтижесін бермегендіктен, келісімшарттың: «Тапсырыс беруші тарапынан қандай да бір  ереже бұзушылық немесе алдау әрекеті  анықталса, тапсырыс беруші «Халал Даму» ЖШС-ң қара тізіміне енгізіледі» деген  7.4 тармағына сәйкес сертификатымыз қайтарылып, «Халал Дамудың» қара тізіміне енгізілді.

Демек, біз мойнымызға үлкен жауапкершілік ала отырып, артымыздағы дүйім жұрттың, Қазақстандағы күллі мұсылмандардың аманатына қылдай қиянат жасауға қақымыз жоқ. Өзіміз белгілеген стандарттарға өзіміз қарсы келсек, біздің сертификатымыздың құны қанша?

– Өнімді қалай тексересіздер?

– Біздің тарапымыздан 14 облысымызда бекітілген 14 бақылаушы-инспекторларымыз бар. Мәселен, KFC қай елдің қандай стандарттарға сәйкес тауықтарын пайдаланып жатыр, міне, соны қадағаладық. Екі тараптың келісімі бойынша бекітілген келісімшарттың 3.1.8 тармағында «Орындаушы тарапынан өкілдердің белгіленген нысандарды  кедергісіз тексерулерін қамтамасыз ету», — деп көрсетілген.

Егер келісімшартта аталған құс фабрикаларынан тыс кәсіпорынның, әрі біздің белгілеген стандарттарға сәйкес өнімдерді пайдаланбаса, ескерту жасалынады. Мысалы, кейбір шаруашылықтар тауықтарды тез семірту үшін ұнтақталған құс сүйектерімен қоректендіреді екен. Бұл халал дүние емес. Ал біз Польшадағы сондай компаниядан KFC өнімдеріне шикізат әкелетінін анықтадық. Халал сертификатты алып қоюымыздың себебі – осы.

Біздегі басты шарт – адал қоректендірілген малдың немесе құстың қолмен сойылуы. Тоқпен ұру, басқа да ауыр нәрсемен талдырып тастау секілді болса, оны халал өнім деп айту қиын екенін баршаңыз білесіздер.

– Сонда бұл KFC өнімдері «харам» дегенді білдіре ме?

– Жоқ, біз ешуақытта KFC өнімдерін харам деп айтпаймыз. Тұтынушылардың осыны біле жүргені абзал. Сертификатты қайтару – діни басқарманың мойнынан жауапкершіліктің түскенін ғана білдіреді. Өйткені, басқа ұйымның «Халал» сертификаты тұр. Ал, өзіміз стандарттан шығып кетпейміз. Қай серіктесімізге болмасын бәріне ортақ талап, белгіленген стандарттар бар. Егер KFC мәселені реттеп, талабымызды орындаса біздің есігіміз әрдайым ашық.

– KFC-де «Қазақстанның Халал индустрия Ассоциациясының» сертификаты да бар екен. Ал, сіздер сертификаттарыңызды қайтарып алдыңыздар. Сонда тұтынушылар кімге сенеді?

– Қазіргі таңда халал сертификаттаумен айналысатын бірнеше органдар бар. Елімізде халал  индустриясына қатысты нақты бекітілген заңның болмауы себепті «халал» сертификаттарын беруде бірізділік жоқ болып тұр. Марат Сәрсенбаев ағамыз басқаратын «Қазақстанның Халал индустрия Ассоциациясының» еңбегін жоққа шығара алмаймыз. Алайда, «Қазақстан халал индустрия ассоциациясының» қандай стандартқа сай жұмыс істейтіндігін, лабораториялық жұмыстарды қалай жүргізетіндігін, бақылау-қадағалау жұмыстары қалай қадағаланатындығын білмейміз.

Біздің мақсатымыз – Қазақстанда «халал» индустриясының дамуына үлес қосу, нақты таза, халал өнімдердің нарыққа шығуына жол ашу және мұсылмандардың көңіліндегі күдікті сейілту.

Тағы бір айта кететін нәрсе, KFC өнімдері біздің сертификатты алмаса да, біз өз тарапымыздан тексермекпіз. Өйткені, халықтың сұранысына ие тағамның халал немесе халал емес екенін ескертуді біздің борышымыз санаймыз.

– «Халал индустрия дегеніміз – бизнес» деген пікірге қалай қарайсыз?

– Әркімнің өзіндік пікірі, мақсаты бар. Алайда, ҚМДБ-ға қарасты «Халал Даму» ЖШС-ның сертификаты арқылы қыруар қаржы тауып, оны бизнес көзіне айналдыру ойымызда жоқ.

Бір айта кетерлігі, «ҚМДБ Халал» сертификатын иемдену әркімнің өз еркінде. Қазіргі таңда біздің сертификатымызды иемденген 250-ден астам кәсіпорын бар. Оларды ай сайын бақылап, қадағалап отырамыз. Сертификат сатылмайды, тек бақылау қызметіне ғана ақы төленеді.

– Өзіңіз тілге тиек еткен Марат Сәрсенбаев бір сұхбатында «…біздің қауымдастық – халықаралық деңгейдегі аккредитациядан өткен Қазақстандағы, жалпы ТМД аумағындағы жалғыз ұйым» деген болатын. Ал, сіздерде осы мақсатта қандай да бір жұмыстар жүргізіліп жатыр ма?

– Әрине, бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылды. Былтыр қыркүйек айында Малайзияның JAKIM ассоциациясының мамандары Қазақстанға келіп, «Халал Даму» ЖШС-ін аккредитациядан өткізіп, әлемдік деңгейдегі сертификат табыстады.

Қазір «ҚМДБ Халал» сертификатымен нарыққа шыққан отандық компаниялардың өнімдері Иран, Грузия, БАӘ, Кувейт, Катар секілді мемлекеттерге экспортталып жатыр. Сондай-ақ, Ресей мен Қырғызстанның кей кәсіпорындары біздің сертификатымызбен өнім шығарады. Мәселен,  Ресейдің Санкт-Петербург, Томск, Новосибирск және Челябинск қалаларында біздің сертификат берілген кәсіпорындар бар.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан – Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

Дереккөз: kazislam.kz

Пікірлер Кіру