«Халал Даму» орталығында «Happy cake» қызметкерлеріне семинар өтті (ФОТО)

11 наурыз 2021 2862 0
Оқу режимі

Елордада «Халал Дамудың» оқу және білім жетілдіру орталығында «Happy cake» кәсіпорны қызметкерлеріне арналған оқу-семинар өтті.

Еліміздің бірқатар өңірлеріндегі «Happy cake» тәтті өнімдері «ҚМДБ халал» стандарты бойынша сертификатталған. Халалға ерекше ден қойған, үздіксіз даму мен жетілуді мақсат тұтқан «Happy cake» қызметкерлері «Халал Даму» оқу және білім жетілдіру орталығына жиналып дәріс тыңдады. Қызметкерлерге халал өнім өндіру технологиясы, өнімдерге қосылатын тағамдық қоспалар, халал кондитерлік азықтарды дайындаудағы ерекшеліктер, тұтынушыларға халал ас ұсынудың маңыздылығы, «ҚМДБ халал» сертификатының мақсаты мен жауапкершілігі жөнінде дәріс оқылды. Дәрісті «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы, технолог мамандар Айжан Омарова, Данияр Сафиев жүргізді.

«Happy cake – жас болса да, жылдам дамып келе жатқан кәсіпорын. Астың адалдығы мен өнімнің сапасына, қызметкерлердің білімін жетілдіріп, халалдың маңыздылығын ұғынуға ерекше ден қою – «халал» таңбасының жүгін терең түсінгендеріңіздің белгісі. Біз сертификаттаған кәсіпорындарды әрдайым қолдап, оқу-семинар шараларын өткізіп, қызметкерлер білімін жетілдіру жолында жәрдемдесуге дайынбыз», – деп семинарды бастаған Айбек Асқарбекұлы «Халал Даму» ұйымының мақсаты мен миссиясы, сертификаттау мен сертификаттың маңыздылығы, бақылау-қадағалау шаралары мен тұтынушылар сенімі мен талабы жөнінде сөз қозғады.

Семинарды ары қарай жалғастырған мамандар халал турасындағы тың ақпараттармен бөлісіп, қатысушылар сұрақтарына жауап берді. Өз кезегінде, «Happy cake» қызметкерлері «Халал Даму» мамандарына алғысын білдіріп, осындай шараларды жиі өткізіп тұруды сұрады.

 

Дереккөз: halaldamu.kz

Пікірлер Кіру