Халал жәрмеңке жұмысы пысықталды (ФОТО)

24 мамыр 2021 2736 0
Оқу режимі

Алматы қаласында ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлының төрағалығымен  «Халал Даму» ұйымының жиыны өтті.

«QMDB HALAL» өнімдер жәрмеңкесін пысықтауға арналған жиналысқа «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы мен орталық аппарат қызметкерлері, халалдың облыстық және қалалық жауапты өкілдері қатысты.

Жиында 28 мамыркүні Алматы қалалық орталық мешітінің алаңында өтетін алғашқы ауқымды жәрмеңкеге дайындық шаралары талқыланып,  негізгі міндеттер мен тапсырмалар бекітілді. 

«Кәсіпкерлік – ел экономикасының негізгі қозғаушы күші. Адал жолмен кәсіп қылып, елге қызмет ету – Алла Тағаланың әр мұсылманға жүктеген міндеті. Ал, ел игілігі үшін адал өнім өндіріп, тұтынушылар қолданысына ұсынатын халал кәсіпорындарды насихаттау – біздің міндетіміз. Халал өнімдерді халық қатаныстыру мақсатында ұйымдастырған алғашқы ауқымды жәрмеңкеге пандемиялық режимге байланысты еліміздің Оңтүстік өңіріндегі кәсіпорындар қатысады. Алайда, жәрмеңке отандық БАҚ құралдары  арқылы көрерменге тікелей эфирде, онлайн режимде ұсынылады. Сондықтан, ауқымды шараны өз деңгейінде атқаруға тиіспіз» деді Ершат Ағыбайұлы.

«Халал өнімдердің алғашқы ең ауқымды жәрмеңкесіне еліміздің оңтүстік өңіріндегі  кәсіпорындар қатысады. Жәрмеңкеде өз өнімдерін ұсынатын қатысушылардың көпшілігі – отандық ең үздік өндірушілер. Алматы облысы, Алматы қаласы, Талдықорған, Жамбыл облыстық кәсіпорындардың сүт өнімдері, ет, шұжық, балық, мұздатылған жартылай дайын өнімдер, сондай-ақ кондитерлік және снэк өнімдер, бал, жаңғақ, кептірілген жемістер мен көкеністер, емдеу-профилактикалық өнімдер мен дәмдеуіштер, залалсыздандырғыш және жуғыш заттар ұсынылады. Сонымен қатар, халықтың жәрмеңкеде «QMDB HALAL» өнімдердің түрлі ассортиментін нарықтан төмен, қосымша үстемесіз, тікелей өндірістік бағада алуға мүмкіндік жасаудамыз» деген Айбек Асқарбекұлы жәрмеңкеге дайындықтың қызу жүріп жатқандығын жеткзіді.

Пікірлер Кіру