Халқымыз ғұмырлы, тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!

16 желтоқсан 2020 4045 0
Оқу режимі

Қадірменді қауым!

Баршаңызды Алла Тағаланың халқымызға берген теңдессіз сыйы – Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Мерейлі мерекеміз құтты болсын! Отбасыларыңызға бақ пен береке, бірлік пен татулық тілеймін. Жаратушы Иеміз деніңізге қуат, әр күніңізге шуақ нәсіп еткей.

Халқымызда «Егеменді ел көрікті, бетегелі бел көрікті» деген нақыл сөз бар. Аллаға шүкір, тәуелсіздігіміздің арқасында мешіттеріміз ашылып, медреселеріміз бой көтерді. Құрбан айт құрметіне демалыс жарияланып, құлшылық жасауға еркіндік алдық. «Тәубенің зоры – тәуелсіздік» деген тәлімді сөздің тағылымы осында жатса керек.

Ата-бабамыз «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес» деген. Құдайдың Қазақ еліне берген ұлы нығметі – тәуелсіздігімізді баянды ете түсу – түрлі салаға жауапты тұлғаның, әр азаматтың асыл борышы, мызғымас міндеті.

Бір үйдің баласындай бірлігімізді танытып, қоғам игілігі үшін бірге қызмет етіп, халықтың алғысына бөленгеніміз абзал. Алла Тағала еліміздің өркендеуі мен жеріміздің көркеюі жолында ауызбіршілік танытуда баршамызға табандылық пен тұрақтылық нәсіп еткей. Халқымыз ғұмырлы, тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай. Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру