Маңғыстаулық кәсіпкерлер қайырымдылық акциясын жариялады

13 наурыз 2019 5575 0
Оқу режимі

Амал мерекесі қарсаңында маңғыстаулық құрылысшылар өңірдегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды өз қамқорлығына алу мақсатында акция жариялады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім болды.

Қайырымдылық шарасының басты мақсаты — өңірдегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсету, қолынан іс келетін, жеке кәсібін ашуға ниетті, бірақ мүмкіндігі жоқ жандарға қамқорлық таныту.

«Қамтылатын 300 отбасының 90-ға жуығы Жаңаөзен қаласында тұратындықтан, Жаңаөзен қаласына барып, сол отбасылармен танысып, жағдайын білетін боламыз», - деді белгілі кәсіпкер Самат Мұсабаев.

Шара аясында әр кәсіпкер 1 жыл көлемінде, 10 отбасыға шама шарқынша көмек қолын созбақ. Әл-ауқаты төмен отбасыларының жақсы өмір сүруіне талпынысын оятып, аяққа тұрып кеткенше көмектеседі. Олар түрлі бағытта жүзеге асады.

«Акцияның осылай аталуының өзінде үлкен мән жатыр. Қайырымдылық қанымызда бар қасиет болғандықтан өңірдің кәсіпкерлері бірігіп, ізгі шараны қолға алып отырмыз», - дедqі спикерлер.

«Мақсат – осы шараны басынан бастап аяғына дейін жеткізу. Кәсіпкер ретінде айтарым, аймақта кәсіппен айналысамын дегендерге жағдай жасалынған және қолдау көрсетілуде. Талпынған, кәсіппен айналысамын деген отбасыларға көмектескіміз келеді. Батылдығы, жігері мол адамдар көп. Тек басын қалай бастарын білмей жүргендер. Қазақта «бұлақ көрсең — көзін аш» демекші, олар алғашында сәл демеп жіберуді, бағыт көрсетуді қажет етеді», - деді осы жобаға ат салысып жатқандардың бірі, кәсіпкер Иса Бимырзаев.

Аталған акцияға тұрмыстық жағдайы, күнкөріс деңгейі өте төмен, тіпті ертеңгі ас-суын қалай табарын білмей отырған, көмекке зәру облыс бойынша 300 отбасы іріктеліп алынды. Олардың тізімі мешіттен, жұмыспен қамту орталықтарынан сұралды. Біздің мақсатымыз оларға тек бір жолғы қаржы беріп немесе азық-түлік әперу емес, олардың күнкөрісін жақсартуға бағытталған нақты шаралар ұйымдастыру», - деді жоба үйлестірушісі Айжани Нұрланова.

Айжани Нұрланованың айтуынша бұл ізгі шараны телевизиялық жоба ретінде ұсынбақшы. 

Дереккөз: kazislam.kz

Пікірлер Кіру