Медиафорумда бас редакторлар тағылымды семинар өткізді (ФОТО)
Елордадағы ҚМДБ ғимаратында өткен мүфтият журналистерінің республикалық медиафорумында БАҚ жетекшілері діни журналистиканың ақпарат айдынындағы орны, жаңа медианың жаңалықтары, шынайы ақпаратты анықтау тәсілдері, жалған діни ұрандардан сақтану жолдары, т.б. тақырыптар аясында баяндама жасады.
«Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің бас редакторы Ғабит Мүсіреп ақпарат алаңындағы Ихсан ілімі және дін мен дәстүр сабақтастығы төңірегінде тағылымды ой қозғаса, «Айқын» газетінің бас редакторы Амангелді Құрметұлы кәсіби журналистің қаруы – шынайы ақпарат екенін баса айтып, тілшілерді ақпараттың анық-қанығын анықтауға мән беруге шақырды.
«Túrkistan» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы жат ағымдардан сақтану жолдарының БАҚ беттерінде көтерілуі жайында мағыналы мысалдар келтіріп, мазмұнды пікір білдірсе, «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай дәстүрлі БАҚ пен цифрлық медиа сабақтастығы төңірегінде байыпты ой қозғады. Сондай-ақ белгілі тележурналист, танымал диктор Зейін Әліпбектің қазақ журналистикасының қазіргі келбетіне тоқталды.
Жиынды қорытындылаған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы медиафорумының мәнін келтірген спикерлер мен жиынға арнайы қатысқан ҚМДБ-ның аймақтардағы баспасөз өкілдеріне алғысын білдірді. ҚМДБ Төрағасы мүфтияттың ардагер журналистерін, атап айтқанда Амантай Тойшыбайұлы (Павлодар облысы), Бақыт Смағұл (Ақмола облысы), Әскерхан Ақтай (ШҚО), Нұрлан Саматұлы (БҚО) және Дәулет Тілеубердіні (Абай облысы) ҚМДБ-ның мерекелік медалімен марапаттады.
Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі