Мектеп түлектері мешітке келіп, үлкендердің ақ батасын алды (ФОТО)

26 мамыр 2018 8857 0
Оқу режимі

Бүгін Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде мектеп бітірушілерге арналған «Жолың болсын, жас түлек!» атты шара болып өтті. Он бір жылдық оқу бағдарламасын ойдағыдай аяқтап, үлкен өмірге қанат қаққалы отырған жас түлектер алғашқы қадамдарын Алла үйінен бастап, игі жақсылардың ақ батасымен қуаттанып қайтты. Биылғы жылы қасиетті Рамазан айына тұспа-тұс келген атаулы күннің айрықша өтуіне мән берген «Әзірет Сұлтан» мешіті жас түлектерге қажетті кеңес-тілектер жазылған арнайы парақша таратып, жастар жүрегіне имандылық нұрын жеткізуге жол салды.

Мектеп қабырғасынан түлеп ұшып, білім айдынына бет алған түлектерге ақ тілегін арнап, аталық батасын беруге келген «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары Өмірзақ Озғанбайұлы шара шымылдығын ашып, өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісе кетті. Саналы ғұмырының 59 жылын ұстаздыққа арнаған ардагер ақсақал жас түлектерге ой саларлық оқиғалардан мысал келтіре өтіп, егемен еліміздің ертеңі ертегідей әдемі болуын жас түлектер мойнына аманаттады.

Он бір жыл бойы білім нәрімен сусындатқан аяулы ұстаздарының аялы алақанынан түлеп ұшып, сынағы мен сыны көп үлкен өмірге жүрексіне аттағалы отырған жас түлектерге ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының жүрекжарды лебізі ерекше жігер беріп, бойларындағы беймәлім үрей мен қорқынышты сыпырып тастағандай болды. Ардақты Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өсиеттерінен өнеге үйретіп, білім жолындағы ізденістің ізгілігі жөнінде ой толғаған Наурызбай қажы Тағанұлы түлектерге ақжол тілеп, ақ батасын арнады. Алда келе жатқан ҰБТ науқанын сәтті тапсырып, еліміздің абырой асқақтатар азамат болып қалыптасуларына сенім білдірді. Сондай-ақ, сәтсіздіктер мен сынақтарға мойымай, қандай қиындық болса да қасқайып қарсы алуға шақырды.

Жас түлектерге арналған шараға Астана қаласы қоғамдық даму істері басқарма басшысы Данияр Есин мырза да арнайы келіп, ағалық ақ тілегін жолдады. Елбасымыздың «Еліміздің ертеңгі тағдыры білімді жастардың қолында» деген қанатты сөзін қаперге салып, білім жолындағы келесі баспалдақты сәтті бастауларын тіледі.

Алтын ұя – аяулы мектептерін артқа қалдырып, өмір айдынына бет түзеген жас түлектер осылайша бүгінгі шарадан болашаққа қуат алып, еліміздің Бас мешітінен рухани нәрленіп қайтты. Алда алғашқы асу – Ұлттық бірыңғай тестілеу науқаны. Олай болса, жолың болсын, жас түлек!

Пікірлер Кіру