Мешіт имамы тікелей эфирде сұрақтарға жауап берді (ФОТО)

11 қыркүйек 2021 4314 0
Оқу режимі

Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев ҚМДБ Діни ақпарат беру орталығында отбасы тақырыбындағы сауалдарға жауап берді.  

«Отбасы» апталығына орай @muftiyatkz инстапарақшасында ұйымдастырылған «Call орталықтағы сұрақ-жауап» тікелей эфирінде мешіт имамы бақытты отбасының құпиясын, бала тәрбиесінде мән берілуі тиіс жайттар мен жанұядағы жайлы атмосфера қалыптастырудың негізгі элементтерін атап өтті.

«Өзіміздің жиырма жылдық отбасылық тәжірибеміз болса да, әлі күнге ізденеміз. Отбасылық қарым-қатынасты түзу ұстау, сыйластықты сақтап қалу мен балаға дұрыс тәрбие беруде осы саланы зерттеген ғалымдардың кітаптары көмекші болады. Үйленуге бекінген әрбір қыз бен жігіт отбасын құрудағы мақсатын және үй болуға, өмір бойы жанында болатын жұбайымен байланысын нығайту үшін не дайындағанына мән беруі керек. Ешқандай дайындықсыз неке қиып, үйленген болса, қарусыз майданға кіріп кеткен адамдай оның да шарасыз күйге түсіуі мүмкін. Себебі өмір тек бірыңғай қуаныш пен жақсылықтардан тұрмайды. Ақ пен қара алмасқан өмірде дәм-тұзы жараспай ажырасып жатқандардың отбасылық іргетасы о баста дұрыс қаланбаған», – дейді Б.Өткелбаев.

«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы көрермендер мен Сall орталыққа (8 7172 33 30 30) хабарласушылардың  отбасылық мәселелерге қатысты сұрақтарына тұшымды жауап беріп, пайдалы кеңестерін бөлісті.

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру