Мешіт шәкірттері арасында білім сайысы өтті (ВИДЕО+ФОТО)

05 қараша 2021 3390 0
Оқу режимі

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде шәкірттер арасында «Көркем мінез иесі Мұхаммед (с.ғ.с.)» атты білім сайысы өтті.

Мәуліт айына орай өткізілген іс-шараға «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы Руслан Байзақов арнайы қатысып, шәкірттерге сәттілік тіледі. Сонымен бірге, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) асыл өнегелері мен білім алудың мән-маңызы жайлы мазмұнды сөз қозғап, шәкірттерді жан-жақты білімді, тұлғалық жағынан үздіксіз ізденіп, дамып отыруға үндеді.

Білім сайысы аясында мешіт имамдары мен ұстаздарының шәкірттерінен құралған командалар қатысып, Құран тәжуиді, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір баяны, шариғат мәселелерінің күнделікті өмірде жиі қолданылатын дәрет, ғұсыл, намаз баптары бойынша дайындалған сұрақтарға жауап берді.

Нәтижесінде, мешітіміздің ұстазы Серікбол Хаманның шәкірттерінен құралған «Әлиф» командасы І орынды жеңіп алды. Ал, наиб имам Оңғар Хиридиновтың шәкірттерінен жасақталған “Әл-Китап” командасы ІІ орын, наиб имам Әділ Агитаевтың шәкірттерінің «Ихсан» командасы ІІІ орын иеленді.

Жеңімпаздарға бағалы діни заттар мен «Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты кітап сыйға берілді.

Дереккөз: Sunna.kz

Пікірлер Кіру