МЕЙІРІМДІЛІК МЕРЕКЕСІ

08 шілде 2022 2851 0
Оқу режимі

Қадірлі бауырлар!

Сіздерді исі мұсылманның ұлық мейрамы – Құрбан айттың келуімен шын жүректен құттықтаймын! Айт қабыл болсын! Баршаңызға амандық пен саулық, бақыт пен береке тілеймін.

Асыл дінімізде зұлхижжа айының алғашқы он күні қасиетті саналады. Бұл туралы Құранның «Фәжр» сүресінің алғашқы екі аятында: «Таң шапағына серт. Және (мүбәрәк) он түнге серт» деп баяндалған.

Һижри жыл санауы бойынша 1443 жылдың зұлхижжа айының басталуы 30 маусым болып бекітілді. Ал арапа күні 8 шілдеге сәйкес келеді. 9 шілде – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні.

Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ықыласпен құлшылық етіп, көбірек жақсы амалдар жасауға тырысқан жөн. Өйткені, хадистерде осы уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған.

Ал арапа күні ораза тұту – сүннет. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін», – деген.

Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбан шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған.

Құрбан айтта орындалатын негізгі ізгі амалдың бірі – құрбан шалу. Бұл туралы ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы құрбан айт күні құрбан шалудан өзге амалымен Аллаға жақындаған емес...» деген.   

Құрбан айт – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят) делінген. Аятта айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниет еткен пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды.

Адам баласы құрбандық шалу арқылы Алланың берген ризық-несібесіне шүкір етеді. Құдайдың нәсіп еткен мал-дүниесінің бір бөлігін көмекке мұқтаж жандарға үлестіріп, олардың да ақысын беріп, қуанышқа бөлейді. Өйткені, Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Парыз амалдан кейінгі Аллаға ұнамды іс – мұсылманның жүрегіне қуаныш сыйлау» деген.

Халқымыз «Бота алғанша бата ал» дейді. Үлкеннің, жалпы көмекке мұқтаж жандардың алғысын алып, батасына бөлену – айт кезінде орындалатын сауапты істің бірі. Мұсылман баласының ұлық күнде шынайы ниетпен құрбан шалып, құрбандық етін мүгедектер мен жетімдерге, көпбалалы отбасылар мен қарттарға таратып, олардың алғысын алуға тырысатыны сондықтан.

Осы ретте еліміздегі барша кәсіпкер азаматтарды Құрбан айттың құрметіне мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұрт күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға шақырамын. Құрбан айттың негізгі мәні мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру екенін естен шығармаған абзал. Алланың рақым нұры төгілетін айтта жұртымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік.

Жаратушы Иеміз Құранда: «Өздерің жақсы көрген нәрсені Алла жолына жұмсамайынша игілікке жетпейсіңдер» («Әл-Имран» сүресі, 92-аят) деп баяндаған. Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «...Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді...» деген. Ендеше, өзгеге қуаныш сыйлап, өзімізге де жақсылық жасайық, ағайын. Халқымыз «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деп бекер айтпаса керек.

Расында, Жаратушы Алла Тағалаға жақындататын себептердің бірі – адамдарға көмектесу, игілік жолында мал жұмсау. Раббымыз Алла өз дүниесінен жақсылыққа жұмсаған адамның мал-мүлкіне береке беріп, отбасына мағыналы өмір сыйлайды. Себебі, өзгеге жәрдем берген кісінің өмірі мағыналы болады. Құранда Хақ Тағала: «Сендер игілік жолында не сарп етсеңдер де, Алла оның орнын толтырады. Ол ризық берушілердің ең қайырлысы» («Сәбә» сүресі, 39-аят) деген.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дүние – ақырет егістігі» деген. Мұндайда халық даналығы «Не ексең – соны орасың» демей ме?! Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құдси хадисте былай дейді: «Жаратушы Алла Тағала: «Уа, адам баласы! Менің жолымда мал-мүлкіңді сарп етсең, оның қарымын аласың» дейді».

Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық бергей. Жаратушы Жаббар Иеміз ізгі ниетпен шалған құрбандығымызды, берген садақамызды, әрбір ізгі амалымызды, ал қажылық сапарында жүрген жерлестеріміздің қажылығын қабыл еткей. Айттан айтқа аман-есен жете берейік. Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру