МИНИСТР ҒҰЛАМАЛАР КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ МӘЖІЛІСІНЕ ҚАТЫСТЫ (ФОТО)
Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Түркістан қаласында өтіп жатқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің ХХXV мәжілісіне қатысты.
Басқосуда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Дархан Қуандықұлына Ғұламалар кеңесінің жұмысы жайлы баяндады. Министр бүгінгі таңда мүфтият қоғамда беделді, ықпалды, іргелі құрылымға айналғанын атап өтті. Сонымен қатар Діни басқарма халықты бірлік пен игілікке үндеуде үлкен іс-шаралар атқарып келе жатқанын тілге тиек етті. Дархан Қыдырәлі өз сөзінде жастарды деструктивті діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру, білімді, тәжірибелі діни мамандарды даярлау, медресе-колледждердің оқу бағдарламасын, техникалық базасын жетілдіру, шәкірттерге шешендік өнерді, дін психологиясын үйрету, ақпараттық бағыттағы жұмыстарды жандандыру т.б. мәселелерге назар аударды.
Айта кетсек, Ғұламалар кеңесінің кезекті мәжілісінде «Зейнетақы қоры жинағынан зекет беру үкімі», «Мәйіттің денесін тілудің үкімі», «Сюцайдың шариғи үкімі», «Дәрігердің нұсқауынсыз трамадолды қолданудың үкімі», «Қан донорлығының үкімі» т.б. пәтуалардың мәтіні талқылануда.
Басқосуда бұдан бөлек «Ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы ҚМДБ рөлі», «Бабалар ізімен: Қазақстандағы мұсылмандық мектеп», «Ислам энциклопедиясы» еңбектері мен құжаттардың мазмұны қаралуда.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі