Мүфтият Мәуліт кешін ұйымдастырды (ФОТО)

29 қазан 2020 4344 0
Оқу режимі

Елордадағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен рухани Мәуліт кеші өтті.

Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген күнінің құрметіне өткен рухани кеш «Хикмет студиясы» YouTube-арнасынан, «Халық Арна» телеарнасынан және Мүфтияттың Instagram-дағы @muftiyatkz ресми парақшасы арқылы тікелей эфирден көрсетілді.

Алдымен Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел тұрғындарын Мәуліт мерекесімен құттықтап:

–Исі мұсылман баласы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған айын асыға күтіп, рухани басқосуларда Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауат айтады. Мұндай игі дәстүр біздің елде де бірнеше жылдан бері жалғасын тауып келеді. Біз қазіргі әлемдік пандемия жағдайын ескере келе Мәуліт кешін онлайн режимде өткізіп, игі дәстүрді жалғастыруға шешім қабылдадық. Жақсы амал жасауға ешқандай кедергі жоқ. Ең бастысы ықылас танытып, ден қойсақ болғаны.

Асыл дінімізде тойланатын кез келген мереке ізгілік пен құлшылыққа, қайырымдылық пен жақсылыққа үндейді. Алла елшісінің дүниеге келген айында орындалатын амалдар мұсылман баласын тақуалыққа тәрбиелейді.

Мәуліт – отбасылық мереке. Қасиетті Мәуліт айында отбасымызға ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі туралы насихат айтып, Алла елшісіне салауат жолдап, қарияларға құрмет көрсетіп батасын алу, балаларымызды қуанышқа бөлеу – мерекенің сәні мен мәнін арттыратын сауапты амалдар, - деп атап өтті.

Бұдан кейін «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы, қари Жұманазар Садырханов, азаншы Ерлан Битенов пен медресе шәкірттері Бәрзәнжи мәулітін оқып, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сәлем-салауаттар жолдады. 

Кеш қорытындысында Құран оқылып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздің амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады. Сондай-ақ Мәуліт мерекесі туралы жаңа бейнеролик көрермен назарына ұсынылды.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру