МҮГЕДЕК БАЛАЛАР ОРТАЛЫҒЫНА «РАМАЗАН СЫЙЫ» ТАРТУ ЕТІЛДІ (ФОТО)

ҚМДБ Астана қаласы өкілдігіне қарасты «Зекет және қайырымдылық» қоры мен Әйел-қыздар секторы бірлесе отырып, «Оди» мүгедек балалар орталығындағы 300 балаға «Рамазан сыйы» қоржынын тарту етті.
Іс-шараға «Зекет және қайырымдылық» қорының Астана қаласы бойынша жауапты маманы Нұрбол Оразбай, Астана қаласы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Күлсара Бекет, сондай-ақ «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстаздары мен ата-аналар қатысты.
Ұйымдастырушылар қасиетті Рамазан айының берекесі мен маңыздылығын атап өтті. Балаларға арнайы сыйлықтар үлестіру арқылы көкейлеріне қуаныш сыйлап, ата-аналарға рухани қолдау көрсетілді.
Əр ісі даналыққа толы сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сыйлыққа үлкен мəн берген. Көптеген хадистерінде сыйлық тарту ету адамдардың бір-біріне деген сыйластығын, татулығын, өзара сүйіспеншілігін арттыратындығын баяндаған. Хадистерде: «Бір-біріңізге сыйлық беріңіздер! Өйткені сыйлық сүйіспеншілікті арттырады, жүректі кірбіңнен тазартады», «Сыйлық алмасыңдар, бір-бірлеріңе деген махаббаттарың артады», «Жейтін нəрсе сыйлаңыздар. Бұл несібелеріңізді молайтады», «Бір-бірлеріңізге барып қал-жағдай сұрасып тұрыңыздар. Сыйлық берісіңіздер. Өйткені жағдай сұрау – сүйіспеншілікті нығайтады, ал сыйлық – жүректі жамандықтардан (өшпенділік, қатігездік, дұшпандықтан) тазартады», – деген.
Суреттерді толығырақ «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі