«Мұнара» газеті шығармашылық байқау жариялады
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай республикалық «Мұнара» газеті авторлар мен оқырмандар арасында «Еркіндігім. Қасиеттім. Қастерлім» атты шығармашылық байқау жариялайды.
Байқаудың мақсаты – ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың еңбегін насихаттау, Тәуелсіздік жылдарында еліміздің қол жеткізген жетістіктерін насихаттап, мемлекетімізді нығайтуға, елімізді дамытуға үлес қосқан азаматтарға лайықты құрмет көрсету. Тәлімдік, тәрбиелік мәні бар мақалалар жазу арқылы оларды газет оқырмандарына дәріптеу.
Байқаудың міндеті – газет оқырмандарын ынталандыру, шығармашылық ізденісін, құлшынысын арттыру, Тәуелсіздіктің игіліктерін әрбір оқырманға сезіндіру.
Байқау шарттары:
Тәуелсіздіктің бәрінен қымбат ең басты құндылығымыз екенін дәріптейтін барлық жанрдағы (эссе, мақала, естелік, зерттеу, сұхбат, әсерлі әңгімелер т.б) шығармалар қабылданады. Сондай-ақ ұлт тарихында өшпес із қалдырған тарихи тұлғалар, атап айтқанда Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы, Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығы және Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Тұңғыш Президентіміздің тарихи рөлі жайлы жазылған мақалаларды да жолдауға болады.
Шығармашылық жұмыстар Microsoft Word түрінде жолдануы қажет. Мақала көлемі 14 шрифтпен, 1,0 интервалмен жазылуы және 4 беттен аспауы тиіс.
Бір қатысушы бір ғана материал жібере алады. Шығармалар қазақ тілінде қабылданады. Байқауға қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды.
Бәйгеге қатысушылар жұмыстарына толық аты-жөнін, телефон нөмірін, мекен-жайын және өздері туралы қысқаша мәлімет қосып, munara@muftyat.kz электронды поштасына жолдауы қажет.
Байқау талаптары:
«Мұнара» газетінің «Еркіндігім. Қасиеттім. Қастерлім» атты шығармашылық байқауына» деген белгімен қабылданады. Байқауға қатысушы «Мұнара» газетіне жазылған болуы міндетті (түбіртегін бірге жолдау қажет).
Шығармашылық жұмыстарды қабылдау 2021 жылдың 10 ақпанында басталып 2021 жылдың 10 қарашасында (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 18.00-де) аяқталады.
Жоғарыда көрсетілген тақырыптарға қатысы жоқ, елімізді, тілімізді, дінімізді мансұқтайтын материалдар қабылданбайды. Шығармалардың мазмұнды, көркем, сапалы, объективті, креативті және өзекті болуына аса мән беріледі.
Байқау барысы:
Байқау жеңімпаздарын кәсіби журналистерден және дін мамандарынан жасақталған қазылар алқасы анықтайды.
Жеңімпаздар Тәуелсіздік күні қарсаңында (нақты уақыты қосымша хабарланады) анықталып, марапатталады.
Жеңімпаз авторлар шығармалары «Мұнара» газетінде жарияланады.
Жүлде қоры:
Бірінші орын – Ұмра қажылығына жолдама.
Екінші орын – 200 мың теңге.
Үшінші орын – 100 мың теңге.
Бұдан бөлек 5 адамға ақшалай ынталандыру сыйлығы беріледі.
Ұйымдастырушылар:
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен «Мұнара» газетінің редакциясы.
Редакцияның мекен-жайы:
Нұр-Сұлтан қаласы, Қарасаз көшесі, 3.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі