Наиб мүфти халықаралық онлайн-конференцияға қатысты

19 ақпан 2021 3299 0
Оқу режимі

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында халықаралық деңгейдегі тақырыптық конференциялар топтамасын іске қосты.

Бүгін «PeaceTalks» дискуссия алаңы шеңберінде «Діни лидерлердің тұрақты әлем дамуына қол жеткізудегі рөлі» тақырыбында биылғы алғашқы халықаралық онлайн-конференциясы өтті.

Оған еліміздің мемлекеттік органдары мен діни бірлестік өкілдері, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Хатшылығының мүшелері, алдыңғы қатарлы шетелдік сарапшылар және Сауд Арабиясы Корольдігі, Мысыр Араб Республикасы, Ватикан, Үндістан, Ұлыбритания, Ресей Федерациясы, Өзбекстан мен Иран Ислам Республикасы халықаралық ұйымдарының жетекші спикерлері қатысты.

Онлайн-конференцияның ашылуында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов қатысушыларға Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының жаңа Басқарма Төрағасы Сәрсенбаев Болат Серғазыұлын таныстырып өтті.

Ал ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы конференцияға қатысушыларға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізіп, арнайы баяндама жасады. Әлемдік діндердің бейбітшілік пен тұрақты дамуға қосатын үлесінің орасан екенін, ал Ислам – кез-келген қоғамды бейбітшілікке, өркениетке жетелейтін өміршең дін екенін айта келе, ел Тәуелсіздігінің торқалы тойына орай ҚМДБ-ның жоспарға қойған игі іс-шараларды тілге тиек етті.

«Біз діни саладағы қызметімізде айтулы мерейтой қарсаңында 12 қайырымдылық іс-шара, 11 шығармашылық байқау, 10 форум мен конференция, 2 спорттық сайыс ұйымдастырып, 12 кітап шығаруды жоспарлап отырмыз» деді Ершат қажы Ағыбайұлы.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру