Наурызбай қажы Тағанұлы Қордайдағы Қарилар дайындайтын орталықтың жай-күйімен танысты (ФОТО)

06 қараша 2020 272 0
Оқу режимі

Қордайдағы сапары барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы тағы бір маңызды орталықтың жай-күйімен танысты.

Бұл жолы Діни басқарма төрағасы «Қордай» Құран қариларын дайындау орталығына келді. Жақында ғана директор боп тағайындалған Ғалымжан Шаяхметов Бас мүфтиге атқарылып жатқан жұмыстар жайлы есеп берді. «Қазіргі уақытта сақтық шараларына байланысты шәкірттер қашықтан оқып жатыр. Кітапхана қоры жеткілікті. Шәкірттерге қамқорлық толығымен жасалған» деп атап өтті мекеме директоры. Білім ордасының жай-күйіне қаныққан Бас мүфти оқу жоспарымен танысып, бірнеше маңызды жайттарға тоқталды.

«Отанды сүю – иманнан» деген. Мұндағы әрбір шәкірт ең алдымен осы елдің азаматы. Туған жерге, ана тілге деген құрметі жоғары болу керек. Діни басқарманың тағы бір бағыты елді діни сауаттандыру. Дәстүрлі ислам негізінде білім беру. Рухани құндылықтарды құрметтеуге үйрету. Қазіргі уақыттың талабына сай оқу процестері, сабақтардың құрылымы өзгерді. Осындағы шәкірт Құранды жаттап қана қоймай, жан-жақты білім алуы тиіс. Бізге қажеті әмбебап маман. Сондықтан Қазақстан дейтін бір ғана Отанымызды құрметтейтін, оның салт-дәстүрін сыйлайтын ұрпақтың қалыптасуы жолында еңбек етуге тиіссіздер», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Шағын құрамда өткен кездесуден соң Бас мүфти облыс имамымен бірге нысанды аралап шықты. Шара соңында ҚМДБ төрағасы бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру