Наурызбай қажы Тағанұлы: «Жеті рухани қазық» – ізгіліктің бастауы

01 қараша 2019 6908 0
Оқу режимі

Әрбір игі істің тарихи сәті болатыны секілді, ІІІ республикалық имамдар форумының басты оқиғасы – «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани Тұғырнамасы тәлімдік құжаты деп атар едім. Ендеше, ҚМДБ Ғұламалар кеңесі мен ҚМДБ Орталық аппараты мәжілісінде бірнеше рет талқылаудан өтіп, қабылдауға ұсынылған тарихи құжаттың тағылымы туралы таратып айтуды жөн көрдік.

Тұғырнама мұсылманның тұлабойында табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты қамтиды. Атап айтқанда, имандылық, отаншыл болу, білім алу, бірлікке болысу, еңбекқорлық, мәдениетті болу және әділдік принципін ұстану. Бұл – адам баласының кісілік келбетін, көркем мінезін қалыптастыруға негіз болатын жеті рухани қазық.

«Иманым – жиғаным», – деп бақытын Исламнан іздеген бабаларымыз сан ғасырдан бері салт пен сүннетті үйлестіріп, өнегелі өмір сабақтастығын қалыптастырды. Аллаға шүкір, ізгілердің ізін басқан бүгінгі ұрпақ ата салтын сақтап, дәстүрлі діннің құндылықтарын өмірінің темірқазығы етті. Имандылық бастауы болған ұят, ар, намыс, обал, сауап, ізет сынды ұғымдар халқымыздың өмір салтында әдемі әдетке айналды. Тәлімдік құжаттың алғашқы ұстынында имандылықтың көріністері баяндалады.

Асыл дінімізде отаншылдық шынайы мұсылманға тән қасиет ретінде қарастырылған. Мұсылман баласына Отанын сыртқы және ішкі қауіптен қорғау – парыз. Мұны халқымыз «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес», – деген нақылмен түсіндірген. Батырлықтың символы болған Бауыржан Момышұлының: «Отан үшін отқа түс, күймейсің», – деген жалынды сөзі талай жастың жігерін жанып, намысын оятты. Отаншыл адам сөзімен ғана емес, ісімен де үлгі-өнеге болуы тиіс. Тұғырнаманың екінші ұстыны осыған үндейді.

Білім – баға жетпес қазына. Ілімсіз өркениет жоқ. Бүгінде күш пен қуат – білімде. Ғылымнан асқан ғазиз дүние жоқ. Пайғамбарымыз: «Білім мен хикмет мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын», – деген.  

Әйгілі ғұлама Әбу Хамид әл-Ғазали: «Пайдалы біліммен шұғылдану – бүкіл басқа істерге қарағанда әлдеқайда жақсы...» – деген екен. Тәлімдік құжаттың үшінші ұстыны білім алуға шақырады.

Алла Елшісі: «Ауызбіршілікте – Алланың мейірімі бар», – деген. Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда орындалады», – деп бірлік туы астында тізе қосуға шақырған. Халқымызда: «Береке басы – бірлік», «Бірлікті ел бұзылмас» деген аталы сөз бар. Болашағымыздың жарқын болуы бүгінгі бірлігімізге тікелей байланысты. Тұғырнама осы мақсаттарға үндейді.

Ислам адамзатты алдымен Аллаға иман келтіруге, сол иманның аясында игі іс істеуге шақырады. Адал еңбекпен несібе табу – пайғамбар салған сара жол. Ислам діні масылдыққа салынуды құптамайды. Шәкәрім бабамыз: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа анық бола алады. Олар: адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек», – дейді. Қабылдағалы тұрған құжатымыз жастарды еңбекке баулиды.

Қазақтың қанға сіңген дәстүрі бойынша, кісіні сыйлау, құрметтеу – әрбір жанға міндет. Бабаларымыз баланы бесігінен-ақ жақсы әдептерге баулыған. Ислами әдепті бойына сіңіру арқылы әрбір мұсылманның мәдениеті артады. Хәкім Абай: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – деп әдеп пен мәдениеттің мәнін түсіндіреді. Тұғырнамада мәдениеттіліктің маңызы жазылған.

Әділдік – ізгіліктің өзегі. Алла Тағала әрбір жаратылысты өз өлшемімен әділ жаратқан. Қоғамдағы қиянаттың жолын кесетін күш – әділдік. Әділдіктің салтанат құруымен ғана қоғам өркендейді. Қасиетті Құранда: «Әділ болыңдар. Шын мәнінде Алла Тағала әділ болғандарды жақсы көреді» («Хужурат» сүресі, 9-аят), – деп бұйырады.  

Төле бидің: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», – деген тәлімді сөзінде терең мағына жатыр. Тұғырнама туралыққа үндейді.

Бұл құжат бүгінгі және ертеңгі ұрпақ өмірінің рухани қазығы болады деген сенімдеміз.

(мақала «Мұнара» газетінен алынды)

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру