Наурызбай қажы Тағанұлы «Жусан» операциясымен оралғандарға насихат айтты (ФОТО)

17 қазан 2020 2721 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рухани келісім күніне орай «Жусан» операциясымен елге оралған атыраулық әйелдермен кездесті.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кездесуде кезінде адасып, елден жырақ кетіп, кейін гуманитарлық операциямен елге есен оралудың өзі – үлкен нығмет, Алланың берген сыйы, мемлекетіміздің қамқорлығы екендігін атап өтті.

«Қазақ ешуақытта жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық. Қазақ бауырын өкпеге қиса да, өлімге қимаған ұлт. Операцияның «Жусан» деп аталуының өзі қандай керемет. Кезінде мұсылман мемлекетін басқарған  Бейбарыс сұлтан бабамыз да жусан иісін сағынған екен. Жусан – ол туған ел, Отанымыздың символы. Әзиз Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дұшпандары қумаса, Меккеден кетпейтінін айтқан еді. Өкінішке қарай, біздің көптеген қаракөздеріміз соғыс даласына аттанып, қаза болды. Жәутеңдеген бүлдіршіндер жапа шекті. Әсілінде дін соғыспен жайылмайды. Дін насихатпен өркендейді» деп атап өтті Бас мүфти.

Сондай-ақ «Жусан-2» операциясымен елге оралғандар өз кезегінде жаңа өмір, жаңа мүмкіндік сыйлаған мемлекет басшылығына, осы істі ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

«Қазақстанға оралғанымызға Аллаға сансыз шүкіршілік етеміз. Бұрын елге деген көзқарасымыз басқаша болған еді. Қазір Отанымызға деген құрметіміз артты. Сіздерге Алла разы болсын» деді елге келген Перизат Жақсылыққызы.

Айта кету керек, Атырау облысына «Жусан» операциясымен 21 әйел адам, 75 бала оралды.

Атырау облыстық «Иманғали» мешітінде өткен кездесуге ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, ҚМДБ Шарғиат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы және өңірдің бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қатысты.

Кездесу соңында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Жусан» операциясымен оралғандарға  азық-түлік пакеті мен кітап табыс етті.


 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру