Облыс әкімі Атлах шайқасының тарихи орнына тоқталды (ФОТО)

04 маусым 2021 3502 0
Оқу режимі

Бүгін көне Тараз шаһарында ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен басталған «Қазақ даласына Исламның келуі» атты халықаралық конференцияның қонағы болған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өзінің баяндамасын жасап, тарих бедеріндегі Атлах шайқасының маңызына тоқталды.

«Тарих қашанда өнегелі және өрелі істерден құралады. Елбасымыз айтқандай, Әулиеата өлкесінің де жұрт алдында ұялатын жері жоқ. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан әрі Қазақ мемлекетінің іргетасы қаланған өлке ретінде облысымыздың байтақ еліміздің тарихында алатын орны ерекше. Бір шеті Алатаумен иықтасып, енді бір қиыры Балқаш көліне сұғына еніп, бір шекарасы иен даладағы Мойынқұм даласымен жалғасқан облыстың аумағында орын алған айтулы тарихи оқиғалар жетерлік. Соның бірі – VIII ғасырда арабтар мен қытайлар арасында Тараз өңірінде өрбіген Атлах шайқасы.

Қазақ тарихымен бірге дүние жүзі тарихында із қалдырған оқиғаның бірі саналған Атлах шайқасы 751 жылы Талас өзені аңғарында болған. Дәл осы тұста Орта Азия даласына Ислам дінінің дендеп еніп келе жатқан уақыты еді. Жалпы Атлах шайқасы бүкіл Орта Азияның тарихи, мәдени және саяси картасын өзгеріске ұшыратты. Себебі мұсылмандардың жеңісі түркі халықтарын Қытай империясының басқыншылық саясатынан, идеологиялық қысымдарынан арылуға және Ислам өркениетінің дамуына жол ашты. Осылайша түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының Исламды қабылдау процесі басталғанын білеміз.

Қазіргі уақыттағы Қазақстан жеріне исламның таралуы бірнеше ғасырға созылды. X ғасыр басында мұсылмандықты Қарахан әулеті билігінің негізін қалаушы Сатұқ қаған қабылдады, ал оның ұлы Боғра хан 960 жылы Исламды мемлекеттік дін деп жариялады.

Ислам жергілікті мәдениеттің дамуына айтарлықтай әсер етті. Орта Азияда ислам ілімі игі істердің жүзеге асуы арқылы нығая түсті. Аймақтың тұрғындары мұсылман қауымының ажырамас бөлшегіне айналды. Ислам құндылықтарының орнығуы халықтың әлемдік діннің гуманистік дәстүрлерін қабылдауына өз ықпалын тигізді.

Орта Азиялық мұсылман ғылымы мен мәдениетінің дамуына ортағасырлық шығыс мәдениеті тың серпін берді. Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашғари және Мұхаммед Хайдар Дулати атты ұлы ойшылдар ғылым мен философияның көрнекті өкілдеріне айналды» деді өңір басшысы Бердібек Машбекұлы.

Айта кетейік, халықаралық конференцияға алыс-жақын шет елдерден және отандық тарихшы-ғалымдар қатысуда.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру