«ӨКІЛДІК САҒАТЫНДА» АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ (ФОТО)

26 сәуір 2023 1910 0
Оқу режимі

Бүгін Астанада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен кезекті «өкілдік сағаты» өтті.

Онлайн форматта өткен жиынға ҚМДБ қызметкерлері мен Алматы қаласының имамдары қатысты. Жиналыс барысында Наурызбай қажы Тағанұлы: «Біз бұған дейін Абай, Ақмола және Ақтөбе облыстары бас имамдарының қатысуымен «өкілдік сағаты» жобасы аясында арнайы жиналыс өткіздік. Бұл жобаның басты мақсаты – имамдарымыздың өңірде атқарып жатқан жұмыстарымен жақын танысып, тиісті нұсқама, қажетті кеңес беру, сонымен қатар ҚМДБ қызметкерлері мен облыс имамдарының ортақ жұмыстарын жүйелі түрде үйлестіру. «Өкілдік сағаты» жобасы діни саладағы іс-шараларымызды сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастыруға серпін береді деп сенемін» деді.

Жиналыс барысында Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы Бас мүфтиге, ҚМДБ қызметкерлеріне жыл басында бекітілген бес бағыт (дін мен дәстүр, ізгі қоғам, ихсан және насихат, діни оқу-ағарту, жат діни ағымдардан сақтандыру) бойынша атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді. Мәселен Алматы мешіттерінде діни сауат ашу курсына 2399 шәкірт қатысса, мүгедектігі бар 30 шәкіртке аптасына 1 рет дәріс өтуде. «Нұр-Мүбарак» университеті мен «Әбу Ханифа» медресе-колледжінің 119 студенті Алматы мешіттерінде өндірістік тәжірибеден өтті.

Сонымен қатар бес бағытқа жауапты ҚМДБ бөлім меңгерушілері Алматы қаласының имамдарына жұмысты жетілдіруге қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Жиын соңында ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мүфтият қызметкерлері мен Алматы қаласының имамдарына нақты тапсырмалар жүктеп, жыл басында бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырудың маңызын атап өтті.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру