Өскемен сапары: Қорытындысы мен нәтижесі (ФОТО)
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Шығыс Қазақстан облысына жасаған сапарының қорытындысы мен нәтижесін назарларыңызға ұсынамыз.
ҚМДБ Төрағасы Өскемен қаласында өткен Ғұламалар кеңесіне қатысып, елімізге танымыл ғалымдар кеңес құрамына қабылданғанын мәлімдеді. «Белгілі ғалымдарымыз – Төрәлі Қыдырды, Ықтияр Палтөрені, Рашид Мұхитдиновты Ғұламалар кеңесіне мүшелікке қабылдау туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім кеңес жұмысына серпін береді деген сенімдемін. Өз саласының майталман ғалымдары пәтуаларды бекіту, академиялық кітаптар шығару сынды ағарту бағытындағы жұмыстарымызды ілгерілетуге үлес қосады деген үміттемін» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Ғұламалар кеңесінде елімізде тұңғыш рет Ислам энциклопедиясы мен діни орфографиялық сөздік шығару туралы шешім қабылданды. 10 пәтуаның мәтіні қаралып, бекітілді. Қабылданған пәтуалардың толық мәтіні жуырда жарияланбақ.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовпен кездесті. Кездесуде өңірдегі діни ахуал талқыланып, имамдарды әлеуметтік қолдаудың маңызы сөз болды. Облыс әкімі Бас мүфтидің ұсынысына қолдау білдіріп, имамдарды жалақымен қамтамасыз етуге уәде берді.
Өскемен қаласындағы «Халифа Алтай» мешітінде өңір имамдарымен кездескен Бас мүфти дін қызметкерлерін белсенді жұмыс істеуге шақырып: «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы күнделікті қызмет барысында жеті бағытқа басымдық беріп келеді. Атап айтқанда, ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз-насихат, қайырымдылық, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, рухани тәрбие, ихсан ілімі, дін мен дәстүр, жат діни ағымдармен жұмыс бойынша белсенді қызмет етуге шақырамын. Ең бастысы асыл дініміздің құндылықтарын насихаттап, халықтың рухани сұранысын қанағаттандыруымыз қажет» деді.
Өскемен қаласындағы «Халифа Алтай» мешітінде «Шығыс медиа» орталығының ашылу рәсіміне қатысқан ҚМДБ Төрағасы студия қызметкерлерін «Халық арна» эфирін сапалы өніммен толтыруға атсалысып, белсенді қызмет көрсетуге үндеді.
Бас мүфти сапар барысында мешіт жанынан ашылған «Зере ана» орталығы жұмысымен танысты. ҚМДБ Әйел-қыздар секторының Өскемен аймағындағы өкілдігінің бастамасымен жабдықталған бұл орталықта ана мен баланың пайдалы іспен айналысуына, білім жетілдіруіне, түрлі қолөнер бұйымдарын жасауына барлық жағдай қарастырылыған.
«Әр заманның өз жағдайына қатысты азаматтарға жүктелер міндет мен жауапкершік болады. Бүгінгі жастарға жүктелер жауапкершілік – терең білім алып, ел игілігі үшін қызмет ету, шаңырақ көтеріп, ізгі ұрпақ тәрбиелеу. Сіздер осы аманатты абыроймен атқарсаңыздар, еліміз өркендей түседі. Халыққа қызмет етуден асқан ғазиз нәрсе жоқ. Ол үшін жақсы білім алып, өз салаңыздың майталман маманы болуларыңыз керек. Алла Тағала білім жолындағы қадамдарыңызға жар болсын». Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен мешіт шәкірттерімен кездескен Бас мүфти жастарға осындай насихатын жеткізді.
Өскемен қаласындағы А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында жуырда ғана Бас мүфти бастамасымен шыққан «Тәпсірлердің таңдаулысы» кітабының танытымы өтті. Сонымен қатар Ғұламалар кеңесінде «Ғибадат тұтқасы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
ҚМДБ Төрағасы «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық жобасы аясында 423-інші пәтер кілтін ауыл имамына табыстады. Бұл жолғы пәтер Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы Үлгілімалшы ауылының имамы Әлімбек Батайға бұйырды.
Бас мүфти сапар аясында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде өткен Ақсақалдар форумына қатысып, зиялы қауым өкілдерімен дін мен дәстүр сабақтастығы жайлы сұхбаттасты.
Тарбағатай ауданы Ақжар елдімекенінде бой көтерген қайырымдылық мекемесінің ашылуына қатысқан Бас мүфти: «Халқымыз «Ауылына қарап азаматын таны» дейді. Осы ауылдан шыққан азаматтар біздің игі бастамамызды қолдау білдіріп, қайырымдылық мекемесінің ашылуына үлес қосты. Осы сәтті пайдаланып, өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұжымы атынан айрықша алғысымды жеткіземін. Алла разы болсын!» деді.
Салтанатты жиында Бас мүфти қайырымдылық мекемесі ғимаратының құрылысын жүргізген Ерболат Долдабаевқа айрықша алғыс айтып, ұмра қажылығына жолдама берді. Ақжар ауылының азаматы, бүгінде Алматыдағы Нұр-Мүбарак университетінде тәлім алып жатқан Ринат Назарбековке білім грантын табыстады. Ақжар елдімекеніндегі «Байжігіт баба» мешітінің наиб имамы, белсенді жас дін қызметкері Мұса Жәлелге 424-інші пәтер кілтін берді.
Бас мүфти Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінде орналасқан «Мұса баба» мешіт ғимараты құжатын ресми түрде қабылдап алды.
ҚМДБ Төрағасы Өскемен қаласында салынып жатқан заманауи жаңа мешіттің құрылыс жобасымен танысты. Мешіт жобасымен Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар таныстырды.
Сапар кезінде Бас мүфти облыстық «Халифа Алтай» мешіті жанынан ашылған «Ислам мәдениеті» мұражайын аралады. Мұражайда Күлтегін ескерткішінің көшірмесі, Түркістандағы әйгілі Тайқазанның көшірмесі, қазақтың алты қанат киіз үйі мен Арыстанбаб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелерінің шағын макеттері қойылған.
Наурызбай қажы Тағанұлы Шығыс Қазақстан облысына жасаған ресми сапары кезінде Өскемен және Семей қалаларын жалғайтын жол бойындағы мешіттегі жолаушылар бөлмесіне аялдады. Суық бұлақ кентінде орналасқан мешітке тоқтаған ҚМДБ делегациясы жолаушылар бөлмесінде болып, құлшылық үйінде атқарылған жұмыстармен танысты. Жиналыс барысында Бас мүфти ауыл имамына бірқатар тапсырмалар берді.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі