Өзбекстан сапары: Бауырлас елдердің байланысы бекиді (ФОТО)

03 наурыз 2020 1617 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мен Өзбекстан мүфтиі Усмонхон қажы Алимовтің Самарқан қаласында өткен екіжақты кездесуінде бауырлас елдердің байланысын арттыру мәселесі талқыланды.

Кездесуде Усмонхон қажы Алимов: «Сіз біздің елдегі имам Бұхари атындағы Ислам институтында білім алып, мол тәжірибе жинадыңыз. Біз сізбен бірнеше жылдан бері ортақ шараларды бірге жүзеге асырып келеміз. Сіздің Бас мүфти болып сайлануыңыз Өзбекстан мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармалары арасындағы байланысты арттыра түседі деген сенімдемін», – деп атап өтті.

Өз кезегінде Наурызбай қажы Тағанұлы бауырлас елдерді біріктіретін құндылықтарға баса назар аударды.

«Өзбекстан – Қазақстанның Орталық Азиядағы ең жақын сенімді серіктесі. Қазақ-өзбек – бағзы заманнан бауырлас ел. Бізді біріктіретін құндылықтар көп. Діни мектебіміз бен мәзһабымыз бір. Имам Матуриди мұралары мен оқуларына арналған халықаралық конференцияға шақыртуыңыз үшін алғыс білдіремін. Біз де өзбекстандық бауырларымызды сәуір айында елордамызда өтетін халықаралық конференциямызға шақырамыз. Осынау берік байланыстар екі елдің дін саласындағы байланысын бекіте түседі», – деді ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы.

Кездесуден кейін Бас мүфти Өзбекстан мүфтиінің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру