ПРЕЗИДЕНТ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫ ОРАЗА АЙТПЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

21 сәуір 2023 2667 0
Оқу режимі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ елін күллі мұсылман қауымының қасиетті мерекесі Ораза айтпен құттықтады. Президенттің құттықтауы Ақорданың ресми сайтында жарияланды.

«Баршаңызды Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! 

Бұл – күллі мұсылман қауымының ұлық мейрамы. Ораза ұстаған жамағат осы мерекені асыға күтеді. Алыс-жақын ағайын бір-бірінің үйіне барып, жылы лебізін білдіреді. Халқымыздың ынтымағы нығайып, бірлігі беки түседі. 

Ислам – имандылықты, бейбітшілікті, мейірімділікті дәріптейтін асыл дін. Осы игі құндылықтар елдің амандығы мен берекесін тілейтін ұлтымыздың салт-дәстүрімен біте қайнасып жатыр. Сондықтан бұл – бір шаңырақта тату-тәтті өмір сүріп жатқан барша жұртымыз үшін қадірлі ұғымдар. 

Ораза айт – елдігімізді еселейтін мереке. Біз мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін қоғамдағы бірлік пен келісімді одан әрі нығайта береміз. 

Еліміздің әр шаңырағы бақыт пен қуанышқа бөленсін!» делінген Президент құттықтауында. 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру