ҚАДІР КЕШІНДЕГІ ДҰҒАЛАР ҚАБЫЛ БОЛСЫН!

05 сәуір 2024 1377 0
Оқу режимі

 Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти

  

Құрметті жамағат!

Қасиетті Қадір кеші мүбәрак болсын! Алла Тағала ұстаған оразаларыңызды, жасаған құлшылық-ғибадаттарыңызды қабыл еткей.

Алла Тағала түндердің ішінде Қадір түнінің қадірі мен қасиетін арттырып қойды. Рамазан айының қасиетті болуының ұлы ерекшеліктерінің бірі – Қадір түнінде тағдырдың жазылуы. Ал Қадір түнінің қасиетті болуының мәні – адамзат баласын екі дүние бақытына жетелеуші, ақ пен қараның, адал мен арамның аражігін айқындаушы Құранның түсуі.

Қадір түні – қасиетті, тағдыр, тарылу деген мағыналарды білдіреді. Қадір түні – Алла Тағала періштелерге әмір етуімен Құран Кәрімді Лаухул Махфуздан (барлық жаратылыстың тағдыры жазылған кітап) Байтул Ғиззаға (дүние аспаны) түсірген қасиетті түн. Ол жайлы Алла Тағала Құранда:

«Негізінен Құранды Қадір түнінде түсірдік» («Қадр» сүресі, 1-аят), – деп айтқан. Кейін 23 жыл бойы түрлі себептер мен оқиғаларға байланысты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахи етіліп отырған. Бұл түннің артықшылығы жөнінде Алла Тағала Құранда былай дейді: «Қадір түні мың айдан да  қайырлы» («Қадр» сүресі, 3-аят).

Айша анамыз (оған Алла разы болсын) ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі, Қадір түнінде қандай дұға тілейін?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла, расында, Сен кешірімдісің және кешіргенді жақсы көресің. Мені кешіре гөрші» деп айтасың» деп жауап берген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Кімде-кім Қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі», – деген.

Исі мұсылман баласының тағдыр жазылатын түнді тағатсыздана күтуінің бір хикметі – Жаратқанға жақындай түсуге талпынуы. Сондықтан бұл түнді сауапты істермен өткізуге тырысайық.

Алла Тағаладан қасиетті Қадір түнінде еліміздің амандығы мен тыныштығын тілеп, су тасқынынан зардап шеккен халқымызға жеңілдік сұрайық. Жаратушы Иеміз қазақ еліне жар болғай! Әмин!

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру