Қаралы отбасыға «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұйымдастыруымен баспана беріледі (ФОТО)
Тілсіз жаудың құрбанына айналған бес періштенің бүгін жаназасы шығарылып, денелері жер қойнына табысталды. Қара жамылған отбасының қайғысына ортақтасуға жиналған Елорда тұрғындары жан-жақтан жанашыр лебіздерін білдіріп, қолдан келген көмектерін көрсету үстінде.
Қара жамылған отбасының қайғысын бөлісіп, жаназа намазын өткізген ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы сәбилердің ата-анасына көңіл айтып, сабырға шақырды. Тағдыр сынағына қарсы тұрарлық қажыр-қайрат нәсіп етіп, қазаның арты қайырлы болуын тіледі. «Әрбір жан – өлімнің дәмін татушы»[1] екенін, пешенеге жазылған тағдырға сабырлық танытып, алапат қайғыға қарсы тұрарлық ерік-жігер нәсіп етуін сұрады.
Қабір басынан қайтып келгесін жайылған жаназа дастарханы басында Наурызбай қажы Тағанұлы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұйымдастыруымен көптен жиылған көмекке бүлдіршіндердің ата-анасының өтініші бойынша пәтер алып берілетін жеткізді.
Сәбилердің жаназасына қатысқан Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев та жамағат алдында көңіл айтып, қара жамылған отбасының қайғысына ортақ екендігін жеткізді. Көпшіліктің дұғасы қабыл болып, қазаның арты қайырлы болуын тіледі.
Дереккөз: Muslim.kz