Қарттар үйіндегі қарияларға табиғат аясындағы саяхат ұйымдастырылды (ФОТО+ВИДЕО)

26 маусым 2019 10220 0
Оқу режимі

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің «Инабат» қыз-келіншектер клубының ұйымдастыруымен «Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесіндегі» қарияларға арналып қайырымдылық шарасы өтті. «Әзірет Сұлтан» мешітінің шәкірттерінен құралған «Мейірім жүрегі» еріктілер тобының да атсалысуымен өткен шара аясында қарияларды қала шетіндегі «Құлагер» демалыс аймағына апарып, табиғат аясындағы тағылымды саяхат ұйымдастырылды.

Арнайы автобус бөлініп, «Көктал-1» тұрғын алабындағы мекеме ғимаратынан демалыс орнына құрметпен жеткізілген қарияларды «Құлагер» қызметкерлері мен мешіт жастары құшақ жая қарсы алып, ыстық ықыластарына бөледі. Демалыс аймағында қарияларға арналып екі мәрте дастархан жайылып, уағыз-насихат жұмыстары да жүргізілді. Табиғат аясына шығып, бой жазып сергіген қариялардың қуанышын тасыта түскен тағы да бірқатар шара өткізілді. Атап айтқанда, қариялар демалыс орталығында атқа мініп серуендеп, уақыттың қалай өткенін де аңғармады. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті саналатын садақ атуға да кезек беріліп, қарттарымыз өзара «мергендіктерін» сынап бақты.

Демалыс орнына таңертеңгісін келген қарияларға кеш батқанға дейін түрлі шара ұйымдастырылып, викториналық жарыстар да өткізілді. Табиғат сұлулығына тәнті болып, мешіт жастарының ыстық ықыласы мен риясыз мейірімдеріне бөленіп қайтқан қарттар үшін бұл күннің естелігі ұзаққа сақталары сөзсіз.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру