Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мұсылман әлеміне үндеуі (ВИДЕО)

08 сәуір 2020 5691 0
Оқу режимі

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Әуелі барлық мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән.

Адамзаттың асылы Мұхаммед Пайғамбарға оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

Ассаламу алайкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһу!

Құрметті Дін Басшылары, мұсылман бауырлар!

Бүгінде COVID-19 коронавирус жұқпалы дерті жер бетіндегі әлем жұртшылығын алаңдатып отырғаны баршаңызға мәлім. Өкінішке қарай, бұл індеттен әлемде мыңдаған адам көз жұмды. Әлемде осы дерттен қаза тауып, қара жамылған отбасылардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Алла алдынан жарылқасын!

Өмірді сынақ мекені деп білген мұсылман баласы басына қиындық түссе, төзімділік танытады, нығметке бөленсе, шүкір етеді. Қиындықты сабырға жеңдірген пенде Алланың мейіріміне бөленеді. Алла Тағала: «Сөзсіз Біз сендерді қорқынышпен, аштықпен және дүние-мүліктеріңді, жандарыңды, сондай-ақ жемістеріңді алу арқылы сынаймыз. Сабыр етушілерді сүйіншіле!» («Бақара» сүресі, 155-аят) деген. Алла Тағала сынаққа сабыр етіп, сауапқа кенелген пенделерінен еткей!  

Қадірлі мұсылман жұртшылығы!

Қазіргі таңдағы бұл ауыр індет күллі адамзат баласына қатер төндіруде. Біз (Барлығымыз) Адам ата және Хауа анадан тараған бір үмбетпіз. Қасиетті Құран Кәрімде: «Уа, адам балалары! Бәріңді бір жаннан жаратқан һәм одан жұбын жаратып, ол екеуінен көптеген ерлер мен әйелдер өрбітіп, жер бетіне таратқан Раббыларыңа қарсы келуден сақтаныңдар!» («Ниса» сүресі, 1-аят) деген.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, адамдар! Сендердің барлығың Адам атадан, ал Адам топырақтан жаратылды ...» деп бірлікке үндеген.  

Расында, ешкімнің ұлты, нәсілі, тегі Жаратқанның құзырында бір-бірінен артық емес. Құранда: «Уа, адамзат баласы! Біз сендерді бір Ата, бір Анадан жараттық. Сондай-ақ бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді әртүрлі ұлт-ұлысқа, ру-тайпаға бөлдік. Расында, Алланың алдында ең ардақтыларың – тақуаларың» («Хұжұрат» сүресі, 13-аят) делінген.

Әлемде етек алған індеттің алдын алуда адамзат Ұлы Жаратушының мейіріміне мұқтаж екендігін айқын сезінуде. Сол үшін әрбір ұлт өкілі, барша адам баласы жұдырықтай жұмылып, шын жүректен Жаратқанға жалбарынып, адамзаттың амандығын сұрайтын сындарлы сәтте тұрмыз. Алланың ардақты Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дұға – мұсылманның қорғаны», – дегені баршаңызға мәлім.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ислам әлемінің ғұламаларын, күллі дін қайраткерлерін, дін саласының оқытушы-ұстаздары мен Құран қариларын және барша мұсылман қауымын 10 сәуір жұма күні  намаз уақытында «Біз – біргеміз, тілегіміз – ортақ» деген игі бастама аясында күллі адамзаттың амандығы үшін бір мезетте алақан жайып, дұға жасауға үндейді.  

Аса мейірімді Алла Тағала күллі адамзат баласына амандық-саулық беріп, ауру-сырқаудан айығып, қуанышты күндерге тезірек жетуін нәсіп еткей. Әмин!

Ізгі тілекпен,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти
НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ

Нұр-Сұлтан қаласы, 7 сәуір, 2020 жыл

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру