ҚМДБ: БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІЛЕРІ МЕН МЕКЕМЕ БАСШЫЛАРЫ ЕСЕП БЕРДІ (ФОТО)

23 желтоқсан 2022 2359 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2022 жылды қорытындылауға арналған Төралқа мәжілісінің екінші күні басшылық құрам, бөлім меңгерушілері мен мекеме басшылары, сондай-ақ мүфтияттың Түркия, Мысыр және Сауд Арабиясы Корольдігіндегі жауапты өкілдері баяндама жасады.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен мәжіліс дәстүр бойынша қасиетті Құран Кәрім аяттарын оқумен басталды.

«2022 жыл халқымыз үшін сындарлы сәттермен басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайды дер кезінде бағамдап, табанды шешім қабылдады. Аллаға шүкір, ел басына түскен сынақты біртұтас ел болып еңсердік.

Біз жыл басындағы елдегі жағдайға байланысты 2022 жылды діни қызмет аясында «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» жылы деп жарияладық. Аллаға шүкір, осы бастама аясында жоспарланған бірқатар бастамалар мен іс-шаралар жүзеге асты» деп атап өтті ҚМДБ Төрағасы.

Төралқа мәжілісінің алғашқы баяндамасын Бас мүфти кеңесшісі Кенжетай Байкемелұлы бастаса, Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров, Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл, Діни сараптама бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Қайырбеков пен Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Марат Абдуллаұлы жалғастырды. Сондай-ақ Діни басқармаға қарасты «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау мекемесінің директоры Айбек Асқарбекұлы, Республикалық бас мешіттің имамы Қанат Қыдырмин мен Хусамуддин әс-Сығанақи атындағы ислам институтының директоры Бағдат Манабаев және мүфтияттың Түркия, Мысыр және Сауд Арабиясы Корольдігіндегі өкілдері әрі осы елдердегі «Талаба» қауымдастығының жетекшілері Жандос Айтбай, Руслан Серғазиев пен Абдулахад Смановтар 2022 жылы атқарылған жұмыстарын баяндап берді.

Мәжіліске қатысушы бөлім меңгерушілері мен облыстық өкілдіктердің бас имамдары ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы барша дін қызметкерлеріне алғысын білдіріп, мүфтият жұмысын әлі де жетілдіре беру қажеттігін, алдағы жылы бұдан да жоғары деңгейде елеулі істерді атқару керектігін еске салды.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру