ҚМДБ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ВАШИНГТОНДА ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫМЕН РУХАНИ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

28 қаңтар 2026 52 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған ҚМДБ делегациясы Америка Құрама Штаттарына жасалған жұмыс сапар аясында АҚШ-тағы Қазақстан Республикасының Елшілігінің ұйытқы болуымен Вашингтон қаласында тұратын қазақ диаспора өкілдері мен студенттермен рухани кездесу өткізді.

Кездесуге ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров пен ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің, Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Арман Қуанышбаев та қатысты.

Рухани басқосуда Бас мүфти жамағатқа «Ислам және дәстүр құндылығы» тақырыбында насихат айтып, дін мен ұлттық салт-дәстүрдің өзара сабақтастығына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан ханафи мәзһабы мен матуриди сенім мектебі халқымыздың рухани болмысымен біте қайнасқанын атап өтті.

Бас мүфти сөзінде ислам шариғатында ғұрып пен дәстүрдің орны бар екенін түсіндіріп, Құран аяттары мен хадистерге сүйене отырып, шариғатқа қайшы келмейтін салт-дәстүрлердің тәрбиелік мәнін жеткізді. Насихат барысында азан шақырып ат қою, ер баланы сүндеттеу, қонақжайлық және көрші ақысын өтеу сынды қазақ қоғамында орныққан дәстүрлердің исламмен үндестігі баяндалды.

Сонымен қатар Бас мүфти шетелде жүрген отандастарды ұлттық болмыс пен рухани тамырдан ажырамауға, дін мен дәстүрді қатар ұстануға шақырды. Және ислам діні әр ұлттың игі дәстүрлерін сақтай отырып, ізгілік пен татулыққа үндейтінін атап өтті.

Кездесу соңында жамағат көкейдегі сұрақтарын қойып, еркін форматта пікір алмасты. Рухани жиын шетелдегі отандастармен байланысты нығайтуға және олардың діни сауаттылығын арттыруға бағытталды.

























Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру