«QMDB Halal» белгісін заңсыз пайдаланған кәсіпорынға айыппұл салынды
«QMDB Halal» сертификатын заңсыз пайдаланған «KazTorgGroup» кәсіпорнына қатысты сот шешімі шықты.
Қарағанды облысындағы «KazTorgGroup» кәсіпорнының «Халал Дамуға» тиесілі «QMDB Halal» таңбасын өз өнімдерінде заңсыз пайдаланғандығы анықталған болатын. Әріптестеріміз, «Sayrat» заңгерлік компаниясының жүргізген жұмысы нәтижесінде, Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «KazTorgGroup» кәсіпорнының «Яйцо деревенское» сауда белгісімен шығарылатын жұмыртқа өнімдерінде «QMDB halal» таңбасын қолдануы заңсыз іс-әрекет деп танылып, контрафактілік тауарлар мен олардың қаптамаларынан «QMDB Halal» таңбасын жоюды, сонымен қатар жарнамалық материалдарды тарату мен жалпыхалықтық тұтынудан тию міндеттелді. Және шағымданушы тарапқа 200 000 мың теңге көлемінде шығын өту керектігі айтылды.
Заңсыз пайдалану бойынша сот процессіндегі рәсімдерді «Sayrat» компаниясының заңгерлерімен бірлесе отырып атқарылды. Бұл нәтижеге жетуде sayrat.kz заңгерлік кәсіпорны қызметкерлерінің үлесі зор.
Естеріңізге сала кетейік, ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС-на тиесілі «QMDB Halal» логотипі заң аясында патенттелген. «QMDB Halal» таңбасын заңсыз пайдаланушылар заңдық тұрғыда ҚР Азаматтық кодексіне, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар және ҚР Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы заңдарына сәйкес құқықтық жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз. «QMDB Halal» таңбасын ресми түрде сертификаттаудан өткен, өндірісі мен өнімдері мамандар тарапынан тексерілген, зертханалық және бақылау-қадағалау шаралары орындалғаннан кейін, «Халал Дамудың» бекітілген 6 стандарты негізінде сертификатталған кәсіпорындар ғана заңды түрде қолдануға құқылы.
Алдағы уақытта, «QMDB Halal» таңбасын заңсыз пайдаланған кәсіпорындар мен жеке тұлғаларды анықтаған болсаңыз, міндетті түрде бізге хабарлауыңызды сұраймыз!
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі