ҚМДБ МЕН ҚАТАР ДАМУ ҚОРЫ АРАСЫНДА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕЛІСІМ-ШАРТЫНА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

06 желтоқсан 2025 47 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қатар Мемлекетіне жасаған ресми сапары барысында Қатар даму қорының Бас директоры, жоғары мәртебелі Фахд бин Хамад Әс-Суләйтимен ресми кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Қатар арасындағы діни-рухани ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ өзара бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылап екіжақты ынтымақтастық туралы келісім-шартына қол қойды.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жүргізген келіссөздері нәтижесінде және қол қойылған келісім-шартының негізгінде Катар даму қоры Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты Астана қаласындағы «Әбу Наср әл-Фараби» мешіті ғимаратын жөндеу, қалпына келтіру, кеңейту және рухани мәдени орталық салу жобасын қолдауға 8 000 000 (сегіз миллион) АҚШ доллары көлемінде қаржы бөліп, құрлыс жұмыстарын толығымен өз қадағалауларымен жүргізіп, толық аяқтап ҚМДБ тарапына табысталатын болады.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қатар тарапына көрсетілген қолдауы үшін алғыс білдіріп, бұл ынтымақтастықтың еліміздегі діни-ағартушылық бағыттағы жұмыстардың дамуына оң ықпал ететінін айтты.

Өз кезегінде жоғары мәртебелі Фахд бин Хамад Әс-Суләйти Қатар даму қорының Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының маңызы бар бастамаларды қолдауға дайын екенін жеткізіп, Қазақстанмен өзара серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделілік танытты.

Кездесу соңында екі тарап алдағы кезеңде қол жеткізілген бірлескен жобаның ел игілігіне берілуіне мүдделі екендіктерін жеткізді.





 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру