ҚМДБ: ҚҰРБАН АЙТТЫҢ БІРІНШІ КҮНІ 62 561 ОТБАСЫҒА ЕТ ТАРАТЫЛДЫ (16.06.24)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қоғам алдындағы негізгі қызметінің бірі – қайырымдылық шараларын ұйымдастыру. ҚМДБ көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатында биыл да құрбан шалуды офлайн және WWW.QURBAN2024.KZ сайты арқылы онлайн жүзеге асырып отыр.
Құрбан айттың алғашқы күні, яғни, 16 маусымдағы мәлімет бойынша республика көлемінде жалпы саны 20 236 мал шалынса, 1 788 тапсырыс qurban2024.kz сайты арқылы берілген. Тарқатып айтсақ, қой – 17 327, ешкі – 1 597, ірі қара – 1 307, түйе – 5.
Барлық мәліметті жинақтап айтқанда, еліміз бойынша 62 561 отбасыға, 136 мекемеге құрбандық еті таратылды.
Еске сала кетейік, онлайн форматта құрбан шалуға qurban2024.kz сайты арқылы тапсырыс беру бүгін және ертеңге дейін жалғасады.
Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген нақыл сөз бар. Алла Тағала шынайы ниетпен құрбан шалып, мұқтаж отбасыларға мерекелік қуаныш сыйлап, сауапты іске ортақтасқаны үшін барлық азаматқа разы болғай!
Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі