ҚМДБ: РАМАЗАН АЙЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ (ФОТО)

11 сәуір 2024 1616 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен қасиетті Рамазан айында 2 300 000 адамға ауызашар берілді.

Ауызашар дастарқандары Астана, Алматы мен Шымкент қалалары, сондай-ақ облыс орталықтары мен аудан, ауыл-аймақтарда орналасқан 1240 мешітте жайылды. Рухани шараға мешіт жамағатынан бөлек медресе шәкірттері, студент жастар, балалар мен мүгедектер үйінен келген жандар, сонымен қатар көпбалалы ата-аналар, жалпы көмекке мұқтаж азаматтар қатысты. Қазақстан мұсылмандары діни басқарманың бастамасымен Түркия елінің Бурса қаласы мен Мысыр елінде білім алып жүрген қазақстандық студенттерге де ауызашар берілді. Қасиетті Рамазан айында Бурса қаласындағы қазақстандық 120 шәкіртке ауызашар дастарханы жайылса, Мысыр елінде 200 студентке ауызашар берілді.

Сондай-ақ еліміздің 565 мешітінде 637 қари күнделікті тарауық намазында Құран Кәрімді хатым етті. Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде 2854 мешіт жұмыс істеп тұр. Соның 565-інде тарауық намазында Құран Хатым толық жасалып. Табиғи су апатына байланысты елге жерге дұға жасалды.  Отыз күнде өңірлердегі барлық мешіттер бойынша  3300 рет Құран хатым оқылып, дұғасы жасалды.

Бұдан бөлек, Ақпарат бөлімінің ұйымдастыруымен Рамазан айына арналған тікелей эфирде уағыз-насихат көрермен назарына ұсынылды. ҚМДБ ұстаздарының қатысуымен өткен 16 бағдарлама «Munara TV» арнасы мен «Муфтият ҚМДБ» YouTube-арнасынан тікелей эфирде көрсетілді. Сондай-ақ қасиетті Қадір түні «Munara TV» Республикалық бас мешіттен және «Qazaqstan» ұлттық арнасы «Әзірет Сұлтан» мешітінен 5 сағаттық тікелей эфир ұсынды. Ал ұлық мереке – Ораза айт күні Діни басқарманың төл арнасы «Munara TV» мен «Муфтият ҚМДБ» YouTube-арнасынан 1 сағаттық тікелей эфирде бағдарлама көрсетілді.

Рамазан айында Күнделікті тарауық намазынан бұрын «Құран аяттарының хикметі» тақырыбында жамағатқа уағыз айтылды. Ал ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы бойынша 10 дін қызметкеріне және 20 көпбалалы отбасыға, барлығы 30 баспананың кілті табысталды. Республикамыз бойынша «Рамазан қоржыны» 29 377 көпбалалы, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға да табысталды. «Рамазан тәттісі» жобасы аясында балаға тәттілер мен ойыншықтар таратылып келді.

Ораза айында елорданың және облыстардағы барлық мешіттерде тарауық намаздарынан соң жамағатқа бірнеше бағыт бойынша тегін автобустар мен тегін такси тасымалдау қызметін көрсету ұйымдастырылды.

Тәулік бойы жұмыс істейтін ҚМДБ-ның Діни ақпарат беру орталығы (Call-орталық) мен өкілдікке қарасты Call-орталықтарға 17 080-ға жуық қоңырау шалынып, Рамазанға қатысты сұрақтарға жауап берілді. Одан бөлек орталықтың мессенджері арқылы да бірнеше сұрақ қойылған.

Еске сала кетейік, кез келген діни мәселені ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа ісіне жауапты мамандарынан, сондай-ақ діни ақпарат орталығының (call-center) 8 233-30-30 телефон нөміріне қоңырау шалу немесе fatua.kz@bk.ru поштасына хат жолдау арқылы сұрап біле аласыздар.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру