ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ АЛМАТЫДА МӘУЛІТ КЕШІНЕ ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

29 қыркүйек 2024 604 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Алматыда «Адалдық жаршысы – Мұхаммед (ﷺ)» тақырыбында рухани мәуліт кеші өтті.

Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген мәуліт айының құрметіне өткен рухани кешке Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты. ҚМДБ Төрағасы жиналған көпшілікті мүбәрак мәуліт айымен құттықтап, адамдарды Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) насихаттаған адалдық жолына, адамгерлішілік пен еңбекқорлыққа, сондай-ақ Құран Кәрімді құрметтеуге шақырды.

«Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бүкіл ғұмырын үмбетін кемел де көркем мінез иесі етіп тәрбиелеу үшін жұмсады. Хадис шәріпте: «Расында мен көркем мінезді кемелдендіру үшін жіберілдім», – деп айтқан (имам Бұхари). Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлгі етіп көрсеткен әрі үмбетіне насихат еткен маңызды құндылықтардың бірі – адалдық. Ол – жан-дүние тазалығын, ақ пейіл мен шынайы көңілді қажет ететін жоғары адами қасиет. Халқымызда: «Адалдық – ардың ісі», «Адалдық жүрген жерде, адамдық жүреді», «Адал еңбек аздырмас, Арамдық бойды жаздырмас», – деген даналық сөздер бар.

Біздің Мемлекет басшысы қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы да өз сөзінде: «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады», – деген болатын. Алла Тағала біздердің әрбір істе адал болып, Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шынайы үлгі еткен, игі жандардан болуымызды жазғай!» деді Бас мүфти.

Зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен мешіт жамағаты, имамдар мен қала тұрғындары қатысқан кеште ақын, сазгер Жәкен Омаров Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаянынан хижреттің 9-10 жылдары, яғни, Алла елшісінің қоштасу қажылығын қазақ тілінде жырлады. Мәулітке арналған мерекелік шарада «Өнер қырандары» театры сахналық қойылымдар қойды. Эстрада әншілері иләһи әндер мен термелер орындап, Пайғамбарға деген сағыныштарын әнмен жеткізді.

Шара соңында Мәуліт рухани кешінің билеттерінен түскен қаражатты Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы көпшіліктің алдында мұқтаж кісілерге табыстады. Сонымен қатар кеш қонақтарының Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір жолымен VR технологиясы арқылы танысуына мүмкіндік берілді. Алматылықтар мұны ерекше ықыласпен қабылдап, ризашылығын білдірді.

 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру