ҚМДБ төрағасы «Antikor» орталығында болды (ФОТО)

12 сәуір 2021 264 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Сыр өңіріне жасаған сапарында Қызылорда қаласында орналасқан «ANTIKOR» орталығына ат басын бұрды.

Орталықтың жұмысымен танысқан соң Бас мүфти қызметкерлерімен арнайы кездесіп, насихат айтты. Адалдықты ту еткен жандарға ислам дініндегі отансүйгіштік пен  аманатқа беріктіктің, парасаттылық пен әділдіктің алар орны жайында тілге тиек етті.

«Барлық мұсылмандарға әділдігімен әйгілі болған халифа Омар Хаттабұлының (р.а.) үлгі болар ісі жайлы бізге жеткен ғибратты оқиға бар. Бірде халифа Омарға жолдасы Әбдірахман келеді. Ол уақытта Омар мемлекеттің жұмысымен айналысып отырған болатын. Досының келгенін көрген халифа алдындағы майшамды өшіріп, басқасын жағады. Омардың бұл ісіне таңданған Әбдірахман:

– Уа, мұсылмандардың басшысы, бір майшамды өшіріп, екіншісін жаққаның не? – дейді. Сонда Омар:

– Сен келген уақытта мен мемлекеттік істермен айналысып отырған едім және ол майшам қазынаныкі болатын. Ал сенімен жеке шаруамыз жайлы әңгімелесемін. Біздің бұл әңгімеміз үшін мемлекет төлеуге тиісті емес. Сондықтан мен өзімнің майшамымды жақтым, – деп жауап береді.

Мінеки, Отанға деген адалдық, мемлекеттің, халықтың алдындағы жауапкершілікті терең сезінудің ең көркем мысалы – осы» деді ҚМДБ Төрағасы.

Жиын соңында Бас мүфти орталық мамандарының жемқорлықтың жолын кесудегі жауапты қызметтеріне сәттілік тілеп, ел игілігі үшін атқарылар жұмыстарда мешіт имамдарының да әрдайым қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді. Осылайша Наурызбай қажы Тағанұлының Қызылорда облысына жасаған ресми сапары қорытындыланды.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру